Әнші Нұрғали Нүсіпжанов 88 жасқа толды
Қазақстанның Халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов 88 жасқа толды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Журналист Марат Байділдәұлы әлеуметтік желідегі парақшасында өнер адамын туған күнімен құттықтап, жазба жариялады.
“Бүгін Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың туған күні. 88 жасқа толып жатыр”, – деп жазды журналист.
Айтуынша, Нұрғали Нүсіпжановқа Еңбек Ері атағы берілмей келеді екен.
“Осыдан екі жыл бұрын Нұрағаңа Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру туралы Мемлекет басшысының атына хат жазып, осы атақты алған Асекеңнен – Асанәлі Әшімовтен бастап Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Роза Рымбаева, Аягүл Миразова сияқты бес қайраткерге қол қойғызып жіберіп едік. Өкінішке қарай, ұсыныс өтпеді. Алла тағалам Нұрғали ағама ұзақ өмір берсін! Құдай қаласа енді екі жылдан кейін 90 жылдығында бұйырар. Соған бәріміз аман-есен жетейік”, – делінген жазбада.