Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әнді қаттырақ қойыңызшы": Астанада таксиге мінген жігіт әнге қосылып жылап жіберді

Таксидегі ер адам
Фото: Видеодан скриншот

Астанада таксиде болған әсерлі сәт желі қолданушыларының назарын аударды. Көлік ішінде сүйікті әнін тыңдаған жолаушы эмоциясын жасыра алмай, әнге қосылып отырып жылап жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға Нұржан Керменбаевтың “Жаным, арманым” әні ойнап тұрған сәтте болған. Жолаушы жүргізушіден музыканың дауысын көтеруді өтінеді. Әннің қайырмасына келгенде ол бар ықыласымен қосылып айтып, бір сәтте көзіне жас алады. Кейін межелі жеріне жетпей, көліктен түсіп қалған.

Желіге тараған видео аз уақыттың ішінде жүздеген мың қаралым жинады. Пікір қалдырғандардың бірі жігіттің жағдайына алаңдаса, енді бірі мұны махаббаттан қалған мұңға балаған.

Дегенмен видеоның шынайылығына күмән келтіргендер де табылды. Такси жүргізушісі Оразбектің айтуынша, кадрдағы жолаушы – оның танысы. Сол күні ол жігітті үйіне жеткізіп салмақ болған.

“Қызын сағынып жүрген сияқты. Әнді естігенде есіне бір нәрсе түсті ме, қатты толқып кетті”, – дейді жүргізуші.

Оразбек сегіз жылдан бері такси жүргізеді. Ол көлік ішіндегі камераны қызық видео түсіру үшін емес, ең алдымен қауіпсіздік мақсатында орнатқанын айтады. Бұрын видеотіркеусіз жұмыс істеген кезінде мас жолаушылармен, жолақысын төлеуден бас тартатын немесе дөрекілік көрсететін адамдармен жиі кездескен. Ол салонда камера барын көрген жолаушылар да өзін жинақырақ ұстайтынын байқаған.

Осылайша, әлеуметтік желіде қызу талқыланған бір сәттің артында қарапайым ғана оқиға – сағыныш, ән және іште жиналған сезім жатқан болып шықты.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 21 Тамыз, 2026 10:03