Мешітте баласын көтеріп ақша сұраған ер адамның ұлы сау болып шыққан
Бішкекте мешіттерді аралап, қолындағы сәбиін ауыр науқас деп таныстырып, жұрттан ақша сұраған ер адамға қатысты тексеріс жүргізілді. Полицияның мәліметінше, оның айтқандары шындыққа сәйкес келмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға әлеуметтік желіге тараған видеодан кейін көптің назарын аударды. Кадрда ер адам намаз кезінде сәбиін құшағына ұстап, мешітке келген жамағаттан қаржылай көмек сұрайды. Ол баласының ауыр дертке шалдыққанын, тіпті “тамағында тесік барын”айтып, емге қомақты қаражат қажет екенін жеткізген.
Оның сөзіне сенген кейбір адамдар ақша аударған. Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі ер адамның мұндай өтінішпен Бішкектегі өзге мешіттерге де барғанын жазып, күмән келтіре бастаған.

Осыдан кейін полиция тексеріс жүргізіп, ер адамның жеке басын анықтады. Ол 1988 жылы туған азамат болып шыққан. Құқық қорғау органдары тиісті мемлекеттік қызмет өкілдерімен бірге отбасының тұрғылықты жеріне барып, баланың жағдайын және өмір сүру ортасын тексерген.
Нәтижесінде сәби дені сау екені анықталған. Әкесінің айтқан аурулары мен “тамағындағы тесік” туралы ақпарат расталмаған. Отбасында баланың ауыр сырқатын дәлелдейтін медициналық құжаттар да болмаған.
Іс материалдары әрі қарай жұмыс істеу үшін әлеуметтік қорғау органдарына жіберілді. Ал ер адамға қатысты Қырғызстан заңнамасына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған.
Бішкек полициясы тұрғындарды қайырымдылық жасарда сақ болуға шақырып, көмек сұраған адамның айтқан мәліметін және оны растайтын құжаттарды тексеруге кеңес берді.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)