"Жастық инъекциялары": Қазақстанда оларды салдырмас бұрын нені білу керек?
Ақтауда адамдарға Қазақстанда тіркелмеген препараттарды енгізіп келген медициналық орталықтың жұмысы тоқтатылды. Тексеру кезінде мұнда “жастық пен сұлулық инъекциялары” деп аталатын шамамен 250 қаптама препарат тәркіленді. Осыған байланысты Stan.kz Денсаулық сақтау министрлігінен елімізде косметология саласында қандай инъекциялық препараттарды қолдануға рұқсат етілгенін сұрап көрді.
Ақтаудағы орталықты жоспардан тыс тексеру барысында заңсыз дәрі-дәрмектер қолданылғаны, инфузиялық ем жүргізуге лицензия болмағаны және басқа да бірқатар заңбұзушылық анықталған. Тексеруге орталықтың бұрынғы клиенттерінің бірінің шағымы себеп болған.
Медициналық мекемеде екі процедуралық кабинет жұмыс істеген. Оның бірі кәдімгі медициналық кабинет болса, екіншісі сұлулық салоны ретінде қызмет көрсеткен. Онда пациенттерге сұлулық индустриясында танымал тамырішілік инфузиялар жасалған. Алайда орталық басшылығы мұндай қызмет түріне қажет рұқсат алмаған. Бұдан бөлек, қолданылған препараттардың Қазақстанда тіркелмегені анықталған. Нәтижесінде медициналық ұйымға 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынған. Сонымен қатар оның қызметі уақытша тоқтатылған.
Қандай препараттарды қолдануға болады?
Министрліктің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстанда косметологияда қолданылатын препараттардың мемлекеттік тіркеуден өтуі міндетті екенін айтты. Тіркелген дәрілік заттардың тізімін азаматтар Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінен тексере алады екен.
Біз аталған тізілімге кіріп, ондағы мәліметтерді қарап шықтық. Қазір онда ұлттық рәсім бойынша тіркелген 5 680 қолданыстағы дәрілік зат бар екен.
Комитеттен косметология саласында жиі қолданылатын жапондық плаценталық препараттар – “Лаеннек” пен “Мэлсмонға” қатысты да сұрадық. Ведомствоның жауабына сәйкес, олардың біреуі Қазақстанда тіркелген, ал екіншісін қолдануға болмайды.
“Жапонияда өндірілетін “Лаеннек” препараты Қазақстанда тіркелген. Оның тіркеу куәлігі 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды. Ал “Мэлсмон” (Melsmon) Қазақстанда тіркелмеген. Сондықтан оны ел аумағында заңды түрде медициналық мақсатта қолдануға болмайды”, – делінген жауапта.
Комитет мәліметінше, Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден өтпеген және сапасы белгіленген тәртіппен расталмаған дәрілік заттарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге тыйым салынған.
Тіркелмеген препаратты қолданса не болады?
Тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдану әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайлар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабы (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу) бойынша қаралады.
Комитет бұған дейін жүргізілген тексерулер кезінде де тіркелмеген препараттарды сақтау және лицензиялық талаптарды бұзу фактілері анықталғанын хабарлады. Мұндай жағдайда ұйымдарға нұсқама беріліп, әкімшілік шаралар қолданылады екен.
“Тамырға тамызатын” емді кез келген жерде жасауға болмайды”
Комитет мәліметінше, тері ішіне, тері астына, бұлшықет ішіне және венаға инъекция жасау – медициналық қызмет. Сондықтан мұндай процедураларды тиісті лицензиясы бар медициналық ұйым ғана жүргізе алады.
Инъекция мен инфузияны медициналық ұйымда дәрігердің нұсқауы бойынша және оның қатаң бақылауымен жасау керек. Сонымен қатар мекемеде тиісті санитарлық жағдай, білікті медицина мамандары және қажетті медициналық жабдық болуы тиіс.
Косметолог плаценталық препараттарды қолдану тәжірибесі туралы айтты
Дәрігер-косметолог Анжелика Борсайдың айтуынша, косметологияда жапондық "Лаеннек" және "Мэлсмон" плаценталық препараттары эстетикалық мақсатта қолданылып жүр. Оның сөзінше, препараттар белгілі бір әдістемелер бойынша курс түрінде енгізіледі.
Косметологтың айтуынша, оның тәжірибесінде препараттарды қолданған пациенттер тері жағдайындағы өзгерістермен қатар, жалпы көңіл-күйі мен өзін-өзі сезінуінің жақсарғанын да айтқан. Алайда бұл әсерлер маманның пациенттерінен алған жеке тәжірибесіне негізделген.
Маман плаценталық препараттардың тиімділігіне қатысты ғылыми жарияланымдар мен зерттеулер бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ол "Лаеннек" препаратын өзінің тәжірибесінде шамамен бес жылдан бері қолданатынын айтты.
"Мен бұл салада 20 жылдан бері жұмыс істеймін, ал нақты “Лаеннекпен” шамамен бес жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біз оны COVID-19 кезінде белсенді түрде қолдана бастадық. Себебі ол иммунитетті қатты көтеріп, ағзаны жасушалық деңгейде қалпына келтіреді", – деді косметолог.
Анжелика Борсай "Лаеннек" препаратының Қазақстанда ресми тіркелгенін және оны елге ресми жеткізуші арқылы әкелуге болатынын айтты. Оның сөзінше, препаратты қолдану кезінде тиісті құжаттар мен тіркеу талаптарын сақтау маңызды.
Маман мұндай препараттарды косметологиялық мақсатта қолдану туралы шешім пациенттің жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне қарай қабылдануы керек екенін атап өтті.
"Қолданудың мәні бар, бірақ препаратты тағайындау қатаң түрде көрсетілімдерге байланысты жасалады. Ал жүктілік, бала емізу кезеңінде, онкологиялық және жүйелі аурулар болған жағдайда процедурадан бас тарту керек", – деді ол.
Косметолог өз тәжірибесінде "Лаеннек" препаратын қолданған пациенттер арасында асқыну болмағанын айтты. Дегенмен кез келген инъекциялық процедураның жеке қауіптері мен қарсы көрсетілімдері болуы мүмкін екенін ескеру қажет.
Сонымен қатар маман препараттың Қазақстанда тіркелуі оны кез келген косметолог енгізе алады дегенді білдірмейтінін айтты. Оның сөзінше, инъекциялық процедураны тиісті медициналық білімі мен даярлығы бар маман, ал процедура жасалатын медициналық ұйым тиісті лицензияға ие болған жағдайда ғана жүргізуі керек.
"Инъекция жасау құқығына келсек, егер дәрігер тиісті оқудан өткен болса, онда бұл препаратты енгізуге құқығы бар. Процедура жасалатын клиниканың кабинеті тамырға дәрі енгізуге немесе басқа да косметологиялық процедураларды жүргізуге арналған лицензияға ие болуы керек. Мұндай қызметті тиісті лицензиясы жоқ жерде жасауға болмайды", – деді дәрігер-косметолог Анжелика Борсай.
Азаматтар нені тексеруі керек?
Мамандар “жастық инъекциясы” немесе “сұлулық тамшысы” салғызбас бұрын бірнеше нәрсеге назар аударуға кеңес береді:
- медициналық ұйымның лицензиясын elicense.kz арқылы тексеру;
- маманның тиісті сертификаты бар-жоғын анықтау;
- қолданылатын препараттың мемлекеттік тізілімге енгізілгенін register.ndda.kz сайтынан тексеру;
- препараттың тіркеу куәлігін және қолдану жөніндегі нұсқаулығын сұрату;
- препараттың жарамдылық мерзімін тексеру.
Демек “сұлулық процедурасы” деген атау оның медициналық қызмет емес екенін білдірмейді. Егер процедура кезінде инъекция немесе инфузия жасалса, оны тиісті лицензиясы бар медициналық ұйым мен білікті маман жүргізуі керек.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда эрекцияға арналған үндістандық препаратты қолдануға тыйым салынғаны туралы жазған едік.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)