Қазақстанда шетелген әкелінген автокөліктерді тексеру тәртібі өзгереді
Қазақстанда көлік құралдарының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті (КҚҚКБ) беру үшін автокөліктерді сынақтан өткізетін зертханаларды тексеру тәртібі өзгерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, енді Ұлттық аккредиттеу орталығының мамандары мұндай зертханалардың жабдықтары мен сынақтардың барысын фотоға және видеоға түсіріп отырады.
Жаңа ережеге сәйкес, тексеру кезінде мамандар зертханада барлық қажетті жабдықтың бар екеніне және сынақтарды зертхананың өзі жүргізетініне көз жеткізуі тиіс.
Ол үшін әр жабдық жеке-жеке фотоға және видеоға түсіріледі. Сурет пен видеода жабдықтың зауыттық нөмірі, жағдайы және негізгі сипаттамалары көрсетіледі. Бұл жабдықты тексеру кезінде уақытша басқа зертханадан әкеліп қоюға жол бермеу үшін қажет.
"Фото және бейнематериалдар бағалаудан кейін туындауы мүмкін даулы жағдайларды болдырмауға да көмектеседі. Олар қандай жабдықтың пайдаланылғанын және сынақтардың қалай жүргізілгенін объективті түрде растауға мүмкіндік береді. Түсірілім аккредиттеу субъектілерінің келісімімен және жасалған шарттар шеңберінде ғана жүзеге асырылады", – делінген Ұлттық аккредиттеу орталығының хабарламасында.
Сондай-ақ бақылау сынақтары да бейнежазбаға түсіріледі. Осылайша мамандар зертхананың қалай жұмыс істейтінін, қандай жабдықтарды пайдаланатынын және қажетті мамандары бар-жоғын көре алады.

Әзірге бұл тәртіп сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Ол КҚҚКБ сертификатын беруге байланысты зертханаларға ғана емес, басқа да сынақ зертханаларына қолданылады. Жаңа тәртіп бойынша барлығы 55 зертхана тексерілген.
Алдағы уақытта фото және видео түсірілімін міндетті ету жоспарланған. Ол үшін тиісті өзгерістерді заңнамада бекіту көзделген.
Айта кетейік, көлік құралдары конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік (КҚҚКБ) — Қазақстанға шетелден әкелінген, құрылымына өзгеріс енгізілген немесе тиісті сәйкестікті растауды қажет ететін көліктің техникалық қауіпсіздік талаптарына сай екенін растайтын құжат.
КҚҚКБ, негізінен, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар Қазақстанға шетелден әкелген көліктерді алғашқы тіркеу кезінде қажет болады. Құжат арнайы аккредиттелген сынақ зертханасында жүргізілген тексеру мен сынақтардың нәтижесі негізінде беріледі.
Еске салсақ, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға заңсыз, яғни көлеңкелі жолмен әкелінетін автокөліктердің импортын тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған еді.
Намаз оқып, қызды салауатпен ұзатқан: Қазақстандықтар арасында тойдағы әрекет талқыға түсті (видео)