"Жұрттан естідім": Гауһар Әлімбекова әнін рұқсатсыз орындаған Қайрат Нұртасқа ренішін жеткізді
Танымал әнші Гауһар Әлімбекова әнін рұқсатсыз орындап жүрген әншілерге реніші барын “Хабарlike” бағдарламасында айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Өнер иелерінің жеке парақшасынан алынды
Өнер иесінің репертуарындағы “Ақ келін” мен “Перзент сыры” әндерін жас әншілер орындап жүр.
“Қазір менің әндерімді жас әншілер орындап жүр екен. Өзімнен рұқсат сұрағандары да, сұрамағандары да бар. Жақында тыңдармандарым Қайрат Нұртастың орындауындағы "Ақ келін" әнінің сілтемесін жіберді. Жарайды, айтса, айта берсін дедім. Бәрі "Сенен рұқсат сұрады ма?" дейді. Сұраған жоқ. Сөйтіп жүргенде Қайраттың анасы хабарласты. Ұлының тойы жайлы айтып отырып, "Естіп көрдің бе? Қайрат осы әнді айтты ғой" деді. Ренжіп қалғаным рас. “Неге бірауыз айтпадыңыздар? Неге ел-жұрттан естимін? Бірауыз айтсаңыздар, қарсы болмайтын едім ғой" дедім. Сөйтсем, "Кавершоуға” бірден айтты. Рұқсат сұрауға уақыт болмады" деді. Жарайды деп қойдым. Арада екі апта өткенде Қайраттың орындауында таралып кетіпті. Себебі ата-анасымен дастархандас, дәмдес болдық. Анасымен көп сөйлесіп, апа-сіңлідей сырласамыз. Содан кейін де "өзім" деп сұрамаған шығар", – деді әнші.
Одан кейін, өнер иесі Дана Кентайдың да әнін орындап жүргенін айтты.
“Артымыздан ерген сіңліміз Дана да менің “Оралшы, махаббат” деген әнімді орындап жүр. Бір күні шай ішіп отырсақ, Дана осы әнімді сұрады. Рұқсатымды беріп отырсам, видеоға түсіріп алайыншы деді. Мен ондай тірліктерді ұнатпайтынымды айттым. “Ала салшы, сол әнді” дедім. Содан кейін қырғыздың әншісі Нұрайым “Перзент сырын” айтып жүр. Өте тамаша орындау болды. Маған қатты ұнады. Жеке парақшамда сөйлесіп, әнді рұқсатсыз орындағанын айтты. Мен ренжіген жоқпын. Оның жүрекпен айтқанына риза болдым”, – деді әнші.
Еске салайық, өнер иесі сахнадан не үшін көрінбей кеткенін түсіндірген еді.