Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анашым, мені мына жерден құтқаршы" дегені құлағымнан кетпейді": Семей тұрғыны тәртіпсіздіктерге байланысты екі бірдей ұлының жазықсыз қамалғанын айтады

Еліміздегі орын алған жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан кейбір азаматтар жазықсыз темір торға тоғытылды. Мұндай оқиғалар еліміздің көптеген аймақтарында орын алғаны белгілі. Тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Бір емес екі бірдей перзентін көруге зар болған семейлік көп балалы ана Аманкүл Рахметова Stan.kz тілшісіне ұлдарының абақтының арғы бетіндегі жағдайы туралы айтып берді.

"5-6-қаңтар күнгі митингіге менің екі ұлым да қатысыпты. Бейбіт жиын болғандықтан елмен бірге жүруді құп көрген олар ақыры жаппай тәртіпсіздікке ұласарын білмеген. Тұңғышым 1995 жылғы Тынысбеков Амангелді ауылда жұмыс жоқ болған соң, достарының шақыруымен Талдықорғанға кеткен болатын. Телефон шалғанымда елге қайтуға билет алып қойғанын айтты. Содан не керек, 7-ші қаңтарда пойызға отырып,  8-і күні үйде болды. Үлкен ұлым елге аман-есен оралған соң, алаңсыз жүрген едім. 18-ші қаңтар күні келінім хабарласып, үйге 12 арнайы жасақ жауынгерлері келіп, Семейде жатқан ұлымды Талдықорғанға алып кеткенін айтты", – дейді етегі жасқа толған ана. 

Осы оқиға орын алысымен ана жүрегі тыныш таппай, перзентін іздеп шарқ ұрып Талдықорғанға келеді. Қаладағы барлық тиісті мекемелерге барып, табанын тоздырып жүргенде тергеуші хабарласып, ұлының жағдайы туралы айтып береді. 

"Тергеуші маған ұлымның бәрін мойындап жатқанын айтты. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек ала келіңіз деді. Ұлым Аманкелдінің мылтық ұстағанын, оны таратқанын жеткізді. Шынымды айтсам, мен бұған сене алмаймын. Себебі менің ұлым аспаз болып жұмыс істейді. Мылтық ұстамақ тұрмақ, шеге де қаға алмайды", – деп зар еңіреп жылап отыр ұлына қажетті заттары мен киім-кешегін кіргізген Аманкүл ана. 

Үлкен ұлының жағдайын осылай баяндаған Аманкүл апайдан көз алдында өзімен бірге бір шаңырақта тұратын кіші ұлының қалай ғана мұндай жағдайға тап болғанын

"Кіші ұлым Диас 1997 жылы туған. Өзі отбасылы, бір ұлы бар. 5-ші қаңтар күні Семейдегі бейбіт митингіге қатысыпты. "Алға, Қазақстан" деп өзінің ұрандатып тұрған жерін телефонға түсіріп келіпті. Оны үйге келген соң, бәрімізге көрсетті. Мен таз арада өшіруді тапсырған едім, бірақ өшірмепті. Бұдан басқа бір нәрсені сындырып, бүлдіріп ешқандай әрекет жасамаған", – дейді қос бірдей құлынын көруге зар болған ана. 

6-шы қаңтар күні өзі жұмыста болғанын айтқан ана үйіне келсе, баласы болмай шыққанын айтады. 

"Бір жұмыстармен үйден шыға бергенде екінші ұлым Диасты полиция қызметкерлері тоқтатып, тексеріпті. Ұялы телефондарын қарағанда, әлгі өзін түсірген видеоны көріпті. Осыдан кейін алып кетіп, қамап тастайды. 7-8-ші қаңтар күндері аяқтан тозып ұлымызды іздемеген жеріміз қалмады. Әйтеуір уақытша ұстау изоляторының бірінде жатқаны анықталды. Баламмен телефон арқылы сөйлескенімде ыңқылдап әрең сөйледі. "Анашым, мені мына жерден құтқаршы" деген сөзі әлі күнге құлағымнан кетпейді. 14-ші қаңтарға дейін ұлымызбен жолығу әсте мүмкін болмады. Осы күні баламды Өскеменге алып кетеді де, екі ай санкция беріп тастайды. Бүгінде оған 271-ші баптың 4-ші және 2-ші тармағы бойынша айып тағылып отыр", – дейді Аманкүл Рахметова.

Қазіргі таңда екі ұлы екі жақта жатқан ананың көңілі алаң. Тек Өскемен қаласында жатқан ұлына қорғаушы жалдапты. Ал Талдықорғандағы ұлын қорғауға да мүмкіндігі болмай отырғанын айтады. 

"Мен ешкімді де кінәламаймын. Адам баласына кінә артпаймын. Ұлдарым бейбіт митинг деп қатысты. Аяғы мұндай болып, ушығып кетерін білген жоқ. Бірақ бір нәрсе анық – менің балаларым террорист емес. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бәрі оңынан шешілсе екен деп тілеймін. Күндіз-түні Алладан қос құлынымының аман есен отбасыма оралуын ғана сұраймын. Жаныма батып тұрғаны екі ұлымның екі жақта жатқаны. Тым құрыса, Талдықорғандағы ұлымды Өскеменге ауыстырып берсе екен деймін. Маған ол жаққа барып келудің өзі қиынға соғып отыр. Өзіміз қарапайым отбасымыз. Қорғаушы жалдауға кредит алайын десем, ол да мүмкін болмай отыр. Қазір тек ағайын-туыстың қолауымен ары-бері жағдайларын білуге барып-келіп жүрмін. Мен осы сөздерім арқылы жеке басымдағы жағдайды ғана емес, менің күйімді кешіп отырған барша аналардың мұң-зарын жеткізгім келеді", – дейді ол. 

Аманкүл Рахметова балаларының босатылып, отбасына аман-есен оралатынына үмітті. Еліміздегі қаңтар оқиғасына байланысты белгілі заңгерлердің бастамасымен құрылып жатқан қорлардан қолдау күтеді. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 09 Ақпан, 2022 09:52
Талқылау