Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анаммен келіспеймін": Әли Оқапов Иманбектің тыңдармандарынан кешірім сұрады (видео)

Әли Оқапов анасы Роза Рымбаева мен Иманбектің арасында туған даулы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Әнші анасының пікірімен келіспейтінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оқапов

"Анамның пікірімен келіспеймін. Оны сол сұхбатты көрген күні таңертең өзіне айттым. "Грэмми" адамның музыкалық біліміне қарамайды. Әр заманда қашанда ең маңыздысы – талант болды. Талант және тек қана талант адамға "Грэмми" әкеледі. Иманбектің жағдайында да сол", – дейді Әли.

Алайда қанша талантты болсаң да, сәттілік серігің болмаса, жетістікке жету қиын, дегенді алға тартты ол. 

"Бұл өмірде әрқайсымыздың өмірімізде сәттілік үлкен рөлге ие. Иманбектің бағы бар. Ол деген керемет!

Roses ремиксі "Грэммисіз" де жарды. Сыйлықты табыстау кезінде бұл туындыны барлығы жақсы білетін. "Грэмми" тек оның табыстылығын растады. Қарсыластары да оған тең емес еді. Бірақ табыс Иманбек пен оның талантының арқасында келді. Музыкалық инсдустрия оны "Грэммиге" дейін мойындап үлгерді", – дейді Оқапов.

Өнер иесі мұндай даудың туғанына өкінетінін айтты. Анасының пікірімен келіспейтінін, алайда пікірге бола оны қарғап-сілеуге болмайтынын ескертті. 

"Анам дұрыс істемеді, дұрыс сөздерді таңдамады. Бірақ оның өз пікірі бар. Сіздердің де өз пікірлеріңізге құқықтарыңыз бар. Жасы 60-тан асқан әйел заманауи клубтық музыканы түсінбесе, ол қалыпты жағдай. Әркез солай болған. Біздің ата-аналарымыз кезінде "Не тыңдап отырсың? Бұл музыка емес" деп айтатын. Күндердің күнінде біз де музыканың жаңа бағыттарын түсінбейміз. Мен қазірдің өзінде түсінбеймін.

Олар бұған кінәлі емес. Олардың заманында бәрі басқаша болды.

Сіздерге шынымды айтайын, ол менің шығармашылығымды, әндерімді кейде түсінбейді. Онда тұрған еш жаманшылық жоқ. Оның талғамы, қалауы, пікірі сондай", – дейді Әли.

Роза Рымбаеваның сөзінен кейін халықтың ашуы Әлиге де тиіп кеткенге ұқсайды. Алайда Әли кінәсіз болса да, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін жеткізді.

"Менің қатысым жоқ, бірақ отбасымыздағы ер адамның үлкені ретінде жауапкершілікті мойныма алуға дайынмын. Біреудің сезіміне, жүрегіне тиіп кетсе, отбасымыздың атынан мен кешірім сұрайын.

Ең маңыздысы, адамды қарғап, оған өлім тілейтіндей, анамның сөзінен кейін жаман ештеңе бола қойған жоқ. Иә, айтылған сөзді қайтара алмайсың. Мен анамның сөзін басқаша түсіндіргім келіп тұрған жоқ. Бірақ шек деген нәрсе бар. Пікірмен келіспеуге болады, ал бірақ адамның жеке басына, намысына тию, балағаттау, кінәсіз ұрпақтарына өлім тілеу шектен шыққандық", – дейді Оқапов. 

Талқылау