Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көп нәрсеге үндемейді, көне салады": Қазақ анасы қандай қасиеттерімен ерекшеленеді

Қазақстанда қыркүйектің үшінші жексенбісінде аналар күні тойланады. Әр елдің аналары туралы қалыптасып қалған пікірлер де әртүрлі. Жапон аналары талапшыл болса, еврейлік аналар балаға деген қамқорлығымен ерекшелініп жатады. Ал қазақ аналары несімен ерекшеленеді? Stan.kz тілшісі халық арасында сауалнама жүргізді.

аналар асыл жандар

Сауалнама нәтижесі қазақ аналары ыстық ықылас пен тұнған мейірімнің қайнар көзі екенін көрсетті. Дегенмен, кейбір жастарымыз қазақ аналарының бала тәрбиесіндегі кемшін тұстарын да тілге тиек етті. 

"Қазір аналарының тәрбиесі ерекше. Олар қызды қатал ұстаған. "Қызды қырық үйден тию" барлық отбасы үшін маңызды деп ойлаймын және оны қолдаймын. Қызды әрбір жерде тию дұрыс", - дейді Перизат Сырлыбаева.

Өзін студентпін деп таныстырған Аружан Жошыбай қазақ аналары десе, ақ жаулықты, асыл текті, әуретін жапқан инабатты бейне көз алдына келетінін айтады. 

"Біздің аналардың ерекшелігі ақ жаулығында деп ойлаймын. Кеуделерін жауып, ізетілік пен инабаттылықтың үлгісі бола білгендігінде", - дейді ол.  

Элизия Ерғалиева қазақ аналарының ер адамға деген ізеті ерекше екеніне сүйсінеді. 

"Ең басты ерекшелігі кез келген жағдайда әкені, ер адамды сыйлауды бойға сіңіреді. Әкеге қарап сөз қайтармауды, ер адамның көзіне тіке қарамауды айтып отырады. Сызылып, сыпайы болуды насихаттайды", - дейді Элизия.

Батыс елдеріндегі "дәстүр" бойынша ата-аналар баласы кәмілет жасқа толғаннан кейін баласына аса қамқорлық танытпайды. Дәл осы үрдісті аса ұната қоймайтынын айтқан Айдархан Атантаев қазақ аналарының ерекшелігі туралы:

"Шет елде баласы 18-ге толған бойда өзегінен тепкендей өз күнін өзі көрсін деп шығарып жібереді. Ал бізде баласы қанша жаста болса да ана ретінде баласына қамқорлығын танытады", - дейді ол.

Аяла Дүйсенәлі қазақ аналарының мықтылығы мен төзімділігіне қайран қалатынын айтады. Дегенмен, кей тұста көрші орыс халқынан үлгі алу керектігін алға тартты. 

"Олардың ерекшелігі мейірімділігінде ғана емес, сондай-ақ, ер адамның да жұмысын алып кете беретіндігінде. Әйелдің де ердің де жұмысын бірге істеп жүре береді. Қандай қиыншылық болса да балалары үшін барлығына төзеді. Бірақ қазақ аналарына "тірілу" керек сияқты. Өйткені, көп нәрсеге үндемейді, көне салады, басқа елде олай емес. Көрші орыс ұлтынан осы тұста үйренеріміз бар", - дейді Аяла Дүйсенәлі. 

Сауалнаманың толық нұсқасын біздің Youtube каналдан көріңіздер!

 

 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК, Сәкен ҚҰЛМАН

Талқылау