Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алтынай Жорабаева: Екі ұл баланы өмірге әкелгім келеді

Алтынай Жорабаева өз отбасы мен әйелдердің отбасындағы рөлі туралы пікірін білдірді. Отбасы мен қыздарын мысал ете отыра, қазіргі әйелдердің қоғамдағы рөлін көрсетті. Әйел теңдігі мәселесіне қатысты ойын айтты. 

Алтынай Жорабаева "әйел ерінен бір саты төмен тұру керек" деген ұстанымда. Қалай дегенмен де бұл табиғи заңдылық деп санайды. 

"Ерінен төмен болу - тек мықты әйелдердің ғана қолынан келеді. Бұл Алтынай Жорабаеваның авторлық сөзі. Біздің отбасымызда 4 қыз, екі ұл. Өзім де 4 қыздың анасымын. Алла қаласы енді екі ұлдың анасы болсам деген үмітім де жоқ емес.

Әкеміз бізді ұлдарынан артық көріп, еркелетіп өсірді. Әлі күнге бар жылы лебізін білдіріп отырады. Осыны көрген ағам да, інім де үйдің қыздарын ерекше құрметтейді. Қамқорлық танытып, керек жерінде қызметімізге жарап жүреді.
Жеңгеміз бен келініме де сондай сыйлы қатынас жасайды.



Қазір қарап отырсам, қыздарым да солай. Жолдасымды құрметтеп, сыйлап, еркелеп тұрады. Күйеуім де қыздарым десе ішкен асын жерге қойып, осыларды қуантуға барын салып жүреді.

Кешегі мерекедегі көтеріліске байланысты не ойларымды да білмедім. Көзбен көріп отырып үндемесең, ұлт тағдырына бей-жай қарағандай боласың. Ал бірдеңе жазсаң, постты өшіріп отыр", - деп жазды әнші. 

Жорабаеваның айтуынша, әйел ерімен теңдесу арқылы өз нәзіктігінен, қадір-қасиетінен айырылады. Өзіне құрметсіздік артады. Солайша өз абыройын ойран етеді. Керісінше, кішірейген әйелдің қадірі, сүйкімі артады деген ойын жеткізді. 

"Хош, әйел табиғатына оралайық. Ерінен бір саты төмен тұрамын деу, еркелемеу, құрметтелмеу, назданбау деген сөз бе? Сенімен теңмін де теңмін деп тепсініп жүріп, нәзік табиғатымыздан айырылсақ, нағыз құрметсіздік сонда болатын сияқты.

Әйел заты қашан да әлсіздігі арқылы ерінен қорғаныш күткен, қамқорлық тапқан. Еркелеу арқылы назын айтқан. Нәтижесінде сыйластықта жүрген емес пе?

Бұл - ер мен әйелдің ортасына Аллаһ орнатқан бағдарлама. Бұдан қашып батысқа еліктеп болмысымызды бүлдіріп жатқанымызды байқамай қалмайық", - деп жазды Алтынай Жорабаева. 

"Алла разы болсын! Ана алдында төмендеген еркек, Төбесі көкке тиіп тұрады. Ер алдында төмендеген әйел, Ар алдында биік тұрады", - деп пікір жазды Балғынбек Имашев.

"Алла бағыңызды, қуанышты сәттеріңізді еселей берсін!", "Өте дұрыс айтасыз, Алтынай ханым. Сөзіңізге қосыламын", "Егіз ұл тап, бақытты болуға лайықтысың", "Ер деп көтерген сайын ерлеріміз де басынып бара жатыр әйелдерді. Бағыңыздың жанғанына қуаныштымын. Ұлды болыңыз. Қыздарыңызды ұзатып жібересіз. Қасыңызда қалатын жарыңыз адал болсын", -деп жазды желі қолданушылары. 

Айта кетейік, 8 наурыз күні Алматыда әйелдер шеруі өтті. Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланды. 

Талқылау