Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алты кәріз сорғы станциясы салынады": “Алматы су” басқармасы Шаңырақ 2 ауданындағы кәріз мәселесі қалай шешілетінін айтты

Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау және су бұру басқармасы Алатау ауданындағы Шаңырақ-2 шағын ауданындағы ағын суларды айдау станцияларының құрылысы жобасы аясында 6 кәріз сорғы станциясы салынып, пайдалануға берілетінін жеткізді.

Видеодан скриншот

Ал өздігінен ағатын кәріз желілері 2019 жылы салынып, “Алматы Су” МКК-не беріледі. Бүгінде ол мекеме қызметкерлері кәріз құдықтарын тазартып жатыр екен. Демек, кәріз реттелгесін көшелерді аралап, қосылуға рұқсат беріледі. Алайда аталған шағын аудан тұрғындары дайын болмаған станцияларға заңсыз қосылып алған көрінеді. 

“Канализация суы сыртқа шығып жатқанына қатысты біз ештеңе істей алмаймыз. Полицияға барып, әкімшілікке хабарласып, экологияны бұзғаны үшін айыппұл салу керек. Олар істемейтін канализацияға заңсыз қосылған. Бізге “су ақты, тесілді, ойбай су кетіп жатыр” дейді. Әкімшілік арнайы рейдтер жүргізеді. Үйлерге кіреді. Заңсыз қосылған құбырларды алып тастап жатыр, оны бітейді. Бұл жерде мәселе тұрғындардың кінәсінен болып тұр. Бұл біздің жұмыс емес. Біз нақты істейтін, қосылған канализацияға жауап береміз. Енді осы шаруаны толығымен құрылыс біткен соң ғана қалпына келтіре алады. Әлі кейбір станциялардың құрылысы аяқталмаған. Соны тұрғындар күтеді”, – деді “Алматы су” өкілі Серік Жігеров.

Қазір соның салдарынан Шаңырақ-2 шағын ауданындағы Жиделі, Тұрысов, Қаракемер, Әубәкіров көшелерін сасық иіс басқан. 

“Бітпеген нәрсені қосқан соң оның зияны басқа адамдарға тиіп жатыр. Арықтарда сасық су толып кетті. Көшеге шығып, тыныс алу мүмкін емес. Ішінде бақалар әуендетіп жүр” - деді Шаңырақ 2 тұрғыны Қалдыгүл Құдайбергенова.

"Біздің басты проблемамыз – мына канализация мәселесі. 7-станция салу керек еді соның алтауын салды. Ал біреуін алып Шаңырақ-1-дің станциясына қосып қойды” – дейді тағы бір тұрғын.

Әзірге, тұрғындардың бар үміті жауапты органдарда. Қандай да бір шара қолданады деп сенеді.

Еске салсақ, "көшеде тыныс алу мүмкін емес" деген Шаңырақ 2 ауданының тұрғындары кәріз суы көшелерге жайылып жатқанын айтып, дабыл қаққан еді. Кейін Алматы әкімдігі мен “Алматы су” кәсіпорны тұрғындарға жауап берді.

Талқылау