Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алтай Көлгінов әкім болған кезде заңсыз жер учаскелерін беруге қол қойған – депутат

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысы жер заңнамасы өте жиі бұзылатынын және ең сорақысы жергілікті әкімдер заңбұзушылықтарды судьялар арқылы оп-оңай шешіп алатынына алаңдап бас прокурорға сауал жолдады. Депутат сөзі дәлелсіз болмас үшін Жоғарғы сот шешіміне сілтеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Әкімнің қаулысына сәйкес, қала тұрғындарына бағбандықпен айналысу үшін “Венера“ бағбандық серіктестігі арқылы жер учаскелері заңсыз берілген. Заңсыздығы сол, аталған жер учаскелері Жайық өзенінің рекреациялық су қорғау аймағына жатады. Қалың ағаш өсіп тұр, соған қарамастан ол жерлер Жайық-Каспий бассейн инспекциясының келісімінсіз берілген. Нәтижесінде Жер кодексі, Су кодексі, Экология кодексімен 200 мыңға жуық жер кезегінде тұрған оралдықтардың конституциялық құқығы бұзылды", — деді депутат. 

Оның мәліметінше, қала әкімінің өкілі сотта заңбұзушылықпен толық келіскенімен, жер берілгеніне 3 жылдан астам уақыт өтіп кеткенін алға тартып, уәкілетті органның талап арызын қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.

"Заңды екенін қадағалауы тиіс прокуратура өкілі де қалалық әкімдікті қолдап, қорытынды берген. Судья да олармен келісіп, талап арызды қанағаттандырусыз қалдырды", - деп ашуланды ол. 

Оның сөзінше, Орал қаласының сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов қол қойған қаулы заңсыз жер учаскесін алған жер иелерінің алдағы көктемде Жайық жағасындағы ағаштарды қырқып, табиғатқа өлшеусіз зиян келтіре отырып, құрылыс бастауына кеңінен жол ашқан. 

"Себебі қолында Жоғарғы соттың шешімі бар. Ол қала тұрғындары мен табиғат жанашырларының ашу-ызасын тудырғаны түсінікті, алайда жер иелерінің құрылыс жүргізуіне ендігі жерде ешкім тосқауыл қоя алмайды. Сонымен қатар осы іспен айналысу барысында, қолыма “Венера“ бағбандық серіктестігінің арызы бойынша жергілікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жүргізген тергеу материалдары түсті. Оған сәйкес 2019 жылдан бастап осы факт бойынша тіркелген қылмыстық іс екі рет қысқартылған", — дейді Абзал Құспан.

Депутат әуелде жер учаскелері өз адамдарының атына рәсімделіп, кейін басқаларға ауыстырылғанын айтады. 

"Міне, менің қолымда аталған серіктестік басшысы 2019 жылы қол қойып, мөрін басқан арыз тұр. Оған сәйкес, Жайық өзені бойындағы жерлер әу баста жергілікті әкімдік, жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік жобалау институты мен прокуратура қызметкерлері ұсынған тізім бойынша өз кісілерінің, орысша айтқанда “подставной“ адамдар атына рәсімделіп, кейін басқа адамдарға ауыстырылған. Бұл фактілер тергеу барысында анықталса да, қылмыстық іс қазір тоқтап тұр. Ең қызығы, дәл осы қылмыстық іс тергеліп жатқан тұста, 2022 жылдың 30 желтоқсанында, яғни жаңа жылдық қарбаласты пайдаланып әлдекімдер жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік жобалау институтының архивіне қасақана өрт қойған. Соның салдарынан жер кадастрының мәліметтер базасы орналасқан сервер жанып кетті. Қазір бұл қылмыстық іс те күдіктінің табылмауына байланысты тоқтатылған", — дейді ол.

Сөз соңында Абзал Құспан бас прокурор Берік Ноғайұлынан Батыс Қазақстандағы жағдайға ықпал етуді сұрады. 

Талқылау