Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"36-ншы өтініштен кейін": Қазақстанда митинг өткізуге рұқсат алған жігіт кім?

Әлнұр Ильяшев — елімізде бейбіт митинг өткізуді көздеп, мақсатына 36-шы рет өтініш білдіргенде жеткен алматылық белсенді. Оның бастамасымен оңтүстік астанада өткен шараға жастар да кәрілер де шықты. Ильяшев Stan.kz тілшісімен сұхбаттасып, неліктен митинг өткізгісі келгенін, не үшін полициядан өзін тұтқындауды сұрағанын айтып, саясаткер болуға қатысты пікірімен бөлісті. 

Әлнұр, 30 маусым күні өткен митингі жайлы сөз қозғасақ. Ойдағыдай өтті ме? Жалпы не үшін митинг өткізгіңіз келді? 

Азаматтардың құқығы өз елінде билік органдарымен тапталып жатыр, кешегі Әсия Төлешова мен Бейбарыс Толымбеков мұның бір көрінісі. Екеуі бар болғаны сөз бен ой бостандығына қатысты пікірлерін білдіруге шықты, істің аяғы бәріне белгілі. Сосын осыдан кейін мамырдың бірі, тоғызы, оны, он екісі орын алған наразылық шаралары да шыдамның шегі бар екенін көрсетті. Ал сайлау әділетсіз өтіп, бұрмаланғаннан кейін халықтың төзімі таусылды. Қарсылық толқынын тудыртқан жағдайлардың барлығын соңына дейін жетілдіру қажеттілігі туындады. Менсіз де елде не болып жатқанын бәрі жақсы біледі ғой, бұрыннан айтып жүр. Мен тек айтылған сөздерге дәлелдерді жинап, ресми хаттар жазып, мемлекеттің позициясын айқындадым. Нақтырақ айтқанда, биліктің қай кезде жалған сөйлегенін, қай уақытта заңға қарсы әрекет жасағанын құжатқа айналдырып, шағымымды білдірдім. Өзгелерден артықшылығым осында болар. 

Былтыр да билікке бейбіт түрде наразылық шарасына шығып, конституциялық құқығын жүзеге асырғысы келген адамға кедергі келтірудің қажеті жоқ екенін көрсеткім келді. 2017 жылы алғаш рет бейбіт митинг өткізуге өтініш білдіргенде, оны қабылдамайтынын жақсы білдім. Түрлі шаралардың өтетінін сылтауратады, былтыр жолдың жөнделетінін айтып, екі-үш өтінішпен бетімді қайтарып тастады.

Ал осы жолы бірнеше оқиғалардың шиеленіскені ескерілді. Оның үстіне Қасым-Жомарт Тоқаев "Евроньюс" тілшісіне берген сұхбатында елімізде заңдардың ауысатынын, митинг өткізуге рұқсат берілетінін айтып, күллі әлемге жар салды. Билік сөзінде тұратынын тағы да бір рет тексергім келді. Себебі, сайлаудың да әділ өтетіні айтылған. Бірақ түбінде бәрібір әділетсіз өтті. 

Біздің бейбіт өмірге митингпен кедергі келтірмеңіздер дегендерге не айтасыз? 

Арыстағы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде таралып кеткен "құстардың әніне оянатын, жарылыстарды естімейтін қызды" іздегендер көп болды. Иә, Құдайға шүкір, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Бірақ біз елімізде кемшілікті көрсек, түзетіп, өзімізді дамытып, деңгейімізді көтерген дұрыс. Бұл - күнделікті жұмыс. 

Ал Арыстағы жағдай - жүйеде кеткен қателіктің салдары. Сол аймақтың тұрғындарын қауіпсіздікпен қамтамасыз ете алмаудың нәтижесі үлкен қайғыға ұласты. Қаншама адам бар мүлкінен айырылды, бірнеше отандасымыз қаза болды. Ал енді осының кесірінен өмірі қылға байланған адамдардың жағдайы ары қарай не болары, бұл оқиғаның немен аяқталатыны әзірге белгісіз. 

Арысқа қатысты да осыны айта аламын. Тұрғындар он жылдың ішінде төрт жарылысты бастарынан кешті, сондықтан тек осы жолы мұңын шаға бастады деп ойламаймын. Осыған дейін де алдыңғы жарылыстан нәтиже шығаруды талап еткен шығар. Бірақ билік әдеттегідей жабулы қазанды сол күйінде қалдыруды шешті. 


"Бай-бағланның баласы емеспін": Шыңғыс Мұқан 27 жасында қалай облыс әкімінің орынбасары атануға болатынын айтты >>>

Ондаған өтініштерден кейін полицияға барып, өзіңізді тұтқындауды сұрапсыз. Бұл қаншалықты рас? 

Полицияға барып, олардың алдынан өтіп те, өтпей де өз құқығымды жүзеге асыра алатынымды айттым. Шараға дейін он бір күн бар. Бұл құқық бұзушылықтың максималды жазасын өтеу үшін он күн қамауда болып, он бірінші күні шығамын. Шыққан соң, құқығымды жүзеге асырамын деп ойладым. Қандай жағдай болмасын, айтқан сөзімнен қайтпайтынымды жеткіздім. Полиция департаментіне жазған хатымда олар мені тұтқындаса, бұл бейбіт митинг өткізу туралы шешімім мақұлданды дегенді білдіретінін түсіндірдім. Сондай-ақ оларға үнсіздік таныту арқылы менің бастамамды негізделген іс ретінде құптайтындарын түсіндірдім. Кейін мені тұтқынға алуға құқықтары болмайтынын айтып ескерттім. 

Саясаткер болғыңыз келеді ме?

Менің ойымша, саясаткер болмай-ақ процеске әсер ету ортақ трендке айналған. Мен өзімнің азаматтық ұстанымымды айта аламын, пікірім бар және мен жалғыз емеспін. Мен секілді достарым бар. Мүмкін менде іс-әрекет арқылы көпшілікке ойымды жақсы жеткізуге көмектесетін қабілетім бар болар. Қарапайым тілмен айтқанда мен елдегі жағдайларға бейжай қарамайтын, "Билік соңы" (Конец власти) деген кітапты оқып жүрген белсендімін. Қазір билік өзгеріп жатыр және оған қатысты пікір білдіріп, процеске кез-келген адам өз үлесін тигізе алады. Қазір әлеуметтік желілерде саясаткер болмаса да, қоғамдық ойды қалыптастырып жүрген беделді тұлғалар бар. Дәл сол тұлғалардың сөзі мен ісінен кейін елімізде белгілі бір өзгерістер орын алып жатады. 

Қазақстанға қажетті 3 реформаны атаңызшы?

Бейбіт митингілер.  Біз митингіде билік пен қоғам арасында шынайы диалогтың болу керектігін айттық. Конституция бойынша, халық - мемлекеттік биліктің жалғыз көзі. Сондықтан бірінші кезекте бейбіт митингілер қолға алынып, сәйкесінше заң қабылдануы тиіс. 

Сайлау жүйесін ретке келтіру, мажоритарлы сайлау жүйесін енгізу. Алдағы уақытта әлі де сайлаудың болатынын ескеріп, мажоритарлы жүйені жартылай енгізуді талап етеміз. Мұның көмегімен бұрынғыдағыдай бірмандатты округ арқылы партияға қатысы жоқ кез-келген адам сайлауға қатыса алады. Адамдар оны бағдарламасының көмегімен сол аймақтың ресми өкілі ретінде таңдауы үшін оның халық арасында абыройы, беделі болуы тиіс. Парламент депутаттарының жартысы осы мажоритарлы жүйе, ал қалғаны - қазіргі жүйе бойынша сайланса, жақсы болатын еді. 

Партия ашуды жеңілдету. Елімізде партияны Президент әкімшілігінің келісімінсіз ашу қиын. Билік азаматтарға партия ашуға мүмкіндік бермейді. Қарапайым мысал, партия ашқысы келіп,  көздегеніне жете алмай қалған таныстарымды айта аламын. Олар партия ашу туралы өтініш білдірді, жұмысқа кірісті. Қанша тырысса да әкімдік, құқық қорғайтын органдар кедергі келтірді. Қазіргі уақытта елімізде "Нұр Отанға" бәсекелес бола алатын партия жоқ. Өзге партиялардың барлығы "Нұр Отанның" сөзін тыңдайды десек, қателеспейміз. Тіпті елорданың да атын ауыстыратын кезде барлығының бірауыздан келісім бергеніне қарап-ақ, тұжырымның бұрыс емес екенін түсінеміз. 


Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет!  Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

Талқылау