Алматылық 14 жасар қыз АҚШ-та каратэден чемпион атанды
Алматылық 14 жастағы Этель Тумыш АҚШ-та каратэден чемпион атанды. Жасөспірім қыз АҚШ-тағы шаршы алаңдарда талай жеңіске жетіп, 30 медаль мен 10 кубокқа иеленген. Жекпе-жекте талай қарсыласын тізе бүктірген Этель келешекте Олимпиада ойындарына қатысып, қазақ елінің намысын қорғауды армандайды.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлайды.
Нью-Йорктің Куинс ауданындағы Kai Leung’s Shotojuku (Кай Лунг’с Шотодзюку) карате мектебі АҚШ-тағы ең мықты ондыққа кіреді. Қазақстаннан келген өрімдей қызға мұнда бірден көңіл аударған. Өйткені Этель Тумыш Алматыда 8 жасынан бастап каратенің «шито-рю» әдісімен айналысқан. Бірнеше жыл жаттығудан соң ол тіпті Алматыда 2-орынға ие болады. Ал еліміздің сыртқы саясаты қызметіндегі әкесі Нью-Йоркке жұмысқа ауысқанда, Этель де әке-шешесімен бірге Құрама Штаттарға қоныс аударады. Жаңа мектепте Этель каратэнің «шотокан» деп аталатын түрін үйреніп, «ката» – «көлеңкемен күрес» қозғалысын ұштайды. Сөйтіп табандылық пен тынымсыз жаттығудың арқасында кішкене қыз Америкадағы беделді жарыстарда озық шығады.
«1-сыныпта оқығанда, мені Мирас есімді бала ренжітіп, жәбір көрсетуші еді. Бірде одан өз қылығы үшін кешірім сұрауын талап еткенде, ол маған тарпа бас салғаны есімде. Сол кезде ешнәрсе істей алмай, көп жылап, қатты қамықтым. Содан шешеме келіп, Мирастың ренжіткенін айттым. Сонда шешем «өзіңді қорғап үйрену керек», – деп, каратэге апарған. Міне енді сол балаға рақмет айтқым келеді. Егер ол ренжітпесе, мен жетістікке жетпес едім», – дейді каратэден чемпион Этель Тумыш.
Этельдің басты жеңісі – Оңтүстік Каролинада өткен АҚШ чемпионатында «кобудо» қаруымен сайыста бірінші орынды иеленуі. Отандасымыз Питтсбургте өткен жарыста «кумите» бойынша екінші, «кате» бойынша үшінші, ал «көлеңкемен ұрыс» әдісі бойынша қола медаль олжалайды. 2016 жылы ол Филадельфиядағы ашық біріншілікте абсолюттік чемпион атағын жеңіп алады. Этель беделді саналатын Нью-Йорк штатындағы дәстүрлі шотокан-каратэ чемпионатында да жеңіске қол жеткізген.
«Бір рет «сай» деп аталатын әдіс бойынша темір қарумен өнер көрсетіп жатқанда, болмашы қателік үшін жарыстан шығарып тастай жаздады. Өйткені менің басымда шашымды жинастырған үш резеңке болған. Ал тәртіп бойынша ол екеуден аспауы тиіс. Бірақ менің жарысты ары қарай жалғастыруыма рұқсат беріп, алтын медаль иелендім», – дейді каратэден чемпион Этель Тумыш.
Этельді каратэден атақты чемпион Кай Лунг дайындайды. Халықаралық шотокай федерациясының негізін қалаушылардың бірі Гонконгтен АҚШ-қа 1970 жылы келген. 80 жылдары әлемдегі 10 күшті каратэшіні шыңдады. Оның Кен Лунг есімді шәкірті әлемге әйгілі киножұлдыз Джеки Чанмен бірнеше фильмге түссе, тағы бір тәлімгері Дэви Сантос есімді актермен бірге жетекші рөлде ойнаған. Сөйтіп Кай ұстаз – АҚШ-та көп чемпиондар дайындаған шебер.
«Этель мұнда аралас шығыс жекпе-жегін үйрену үшін келген. Каратэні жақсы көреді. Көп тер төгіп. АҚШ чемпионы болды. Мен оны мақтан тұтамын. Қазақстанда қазір жақсы каратэшілер бар. Этель жаттығуын Қазақстанда жалғастыратын болады», – дейді жаттықтырушы Кай Лунг.
«Қазақстанда маған қызғылт-сары белбеуге жету үшін 4 жыл кеткен. Ал мында мен 1 жылдың ішінде қоңыр белбеуге қол жеткіздім. Қазіргі мендегі үш жолақты белбеуден кейін қара белбеу тұрады. Арманым – Қазақстан атынан Олимпиадаға қатысып, қазақтың рухын көтеріп, еліміздің абыройын асқақтату», – дейді каратэден чемпион Этель Тумыш.
Этельдің оқу үлгерімі де спорттағыдай өте жоғары. Жалпы батыс жаттықтырушылары қазақстандықтар туралы әрдайым жақсы пікірде. Жас қызымыз Этельдің жетістігі – соның бір дәлелі.
Оқи отырыңыз:
Биатлоннан Қазақстан құрамасы жекелей аралас эстафетада үздік ондыққа енді
Астанада мемлекеттік қызметкерлер физикалық дайындық бойынша Президенттік тестілеуден өтті
Боксшы Руслан Мәдиев қарсыласын нокаутқа жіберіп жеңіске жетті
Канадалық хоккейші мұз алаңында құрбан шалған астаналық командаға таңғалды