Алматы тұрғындары арықтарды бұрынғы қалпына келтіруді талап етіп жатыр

Алматылықтар арықтарды бетон плиталарымен жабуға қарсы петиция бастады. Қалада ашық арықтардың 15%-ы бетон плиталарымен жабылды. Шенеуніктер мұны тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұрын тротуардың жанынан ашық арық ағып жатса, қазір ол жер астына жасырылып, оның орнына кең жаяу жүргіншілер аймағы мен веложол салынған. Нәтижесінде тұрғындар пайдаланатын қоғамдық кеңістік екі есеге жуық ұлғайған. Аяқ астымен әлі де су ағып жатқанын тек кәріз қақпақтары ғана білдіреді. Оларды арнайы кілтсіз ашу мүмкін емес.
Қала әкімдігі арықтарды жабу тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет екенін айтады. Соңғы қайғылы оқиға екі айдан астам уақыт бұрын болған. Қатты жаңбыр кезінде бір ер адам арыққа құлап, оқиға орнында көз жұмған.
Алайда шаһар тұрғындарының пікірінше, суы бар ашық арықтар – Алматының экожүйесінің маңызды бөлігі. Егер олар жабылса, жаңбыр суының жиналып, аумақтарды су басу қаупі артып, жасыл желектің азаяды деп отыр.
“Мен арықтарды жабуға мүлде қарсымын. Бетон плиталарының астындағы қоқысты қалай көруге болады? Құдықтардың арасын қалай толық тазалайды? Қоқыс жиналып, жағымсыз иіс шығады, егеуқұйрықтар көбейеді”, “Меніңше, бұл дұрыс емес. Ағаштар да қоректенуі керек. Арықтарда судың топыраққа сіңуіне мүмкіндік беретін арнайы саңылаулар бар. Егер бәрін жауып тастаса, кейін жөндеу үшін қайта ашуға тура келеді, жолдар жабылады. Бұл да қосымша қиындық туғызады", – дейді қарсылық білдерген тұрғындар.
Экологтар алматылықтардың алаңдаушылығы орынды деп отыр. Мамандардың айтуынша, арықтарды тіпті ішінара бетонмен жабудың өзі болашақта қала экологиясына кері әсер етуі мүмкін.
“Біріншіден, арықтар айналаны табиғи түрде салқындатып, ылғалдандырады. Сондықтан жаһандық жылыну кезінде оларды жабу қаладағы температураның одан әрі көтерілуіне ықпал етуі мүмкін. Екіншіден, арықтар құстар үшін негізгі су көздерінің бірі. Егер құстар азайса, түрлі зиянкестер көбейеді. Үшіншіден, смог мәселесі күшеюі ықтимал. Маманның сөзінше, түтіннің шамамен 60%-ы автокөлік шығарындыларынан пайда болады. Ал арықтардағы су болмаса, шаң мен зиянды бөлшектер ауада ұзақ уақыт сақталады”, – дейді Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясының хатшысы Бақберген Керей.
Ал қала билігі алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Шенеуніктердің айтуынша, арықтар толық жабылып жатқан жоқ, тек қауіпсіздік мақсатында ең қауіпті бөліктері ғана жабылған.
Оқыңыз“Арықтар ондаған жыл бұрын салынғандықтан, қазіргі қауіпсіздік талаптарына бейімдеу қажет. Сонымен қатар арықтардың негізгі қызметі, яғни жаңбыр және еріген қар суын бұру сақталады. Арықтардың қала климатына айтарлықтай әсері жоқ. Себебі олардың су көлемі бүкіл мегаполистің температурасын өзгертуге жеткіліксіз. Ал жасыл желектер қазір заманауи суару жүйелері арқылы суарылады”, – деп сендірді билік өкілдері.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы Шыңғыс Бақытжанның айтуынша, ашық жатқан арықтар қолайсыздық тудырады әрі қауіпті.
“Жол ашық арықтың дәл жанынан өтеді, сондықтан адамдардың, әсіресе балалардың, қарттардың және арбамен жүрген ата-аналардың сүрініп немесе құлап кету қаупі жоғары. Сонымен қатар арықтарға қоқыс, жапырақ пен құм жиі жиналады. Бұл су өткізу қабілетін төмендетіп, оларды күтіп ұстауға кететін шығынды арттырады", – деді ол.
Соған қарамастан алматылықтар ашық арықтарды қаланың ажырамас бөлігі деп санайды. Олар арықтардың аз ғана бөлігінің жабылуына да қарсы болып, каналдарды бұрынғы қалпына келтіруді талап етіп отыр.
"Сахнаға "оңай болады" деп шығуға болмайды": Cirque du Soleil-де өнер көрсететін қазақстандық егіздер цирктегі қауіпті сәттерді айтты