Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысы тұрғындары мұғалімнің жеткіншектерден таяқ жедім деп жала жапқанын айтады

Алматы облысы Текелі қаласының тұрғындары мұғалім жеткіншектерден таяқ жедім деп жала жауып жатыр дейді. Жазықсыз балаларымыз енді жазаға тартылуы мүмкін деп шырылдаған ата-ана шындыққа жете алмай отырғандарын айтады.

с

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Дәлеліміз болса да, тергеуші істі бұрмалады деген жандардың жанайқайын Самал Қабышева тыңдап қайтты.

Сүндет, Ержан, Сүлеймен. 16 жастағы осы үш жеткіншектің үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа жетті. Оларға музыка пәнінің мұғалімін өткен жылдың тамыз айында ұрып, тонап кеткен деген айып тағылып отыр. Алайда айыпталушылардың ата-анасы “балаларымыз ақ” деп ақталуда. Істің құйтырқы әрекетін жасап отырған тергеушінің өзі дейді.

“Ол кісілер дұрыс тергеу әрекеттерін жүргізбей жатыр. Бұл жерде әділетсіздік. Бұл жерде жала. Балаларымызды қылмыскер қылғысы келді, бірінші күдікті одан кейін қазір қылмыскерге айналды. Енді сотқа жіберіп отыр”, – дейді Сүндеттің анасы Дәметкен Бұқарбаева.

Жеткіншектерден таяқ жедім деген мұғалім осы азамат. Тұрсынбек Бердібек. Музыка пәнінің мұғалімі. Сол бір тамыз айында болған жайтты еске алғысы келмейді ме, болған оқиға жайлы пікір білдірмеді.

Ал айыпталушылардың ата-анасы мұғалім таяқ жеген күні балаларының үйде болғанын айтады. Қолымызда ватсап арқылы сөйлескен дәлелдері де бар дейді. Алайда, Текелі қалалық ішкі істер органының қызметкерлері жеткіншектерді мұғалім таяқ жеген күннің ертеңінде ұстап алып, жаланы үйіп-төгіп жапты деп наразы.

“Төрт полиция қызметкері төрт жағымнан тұрып алып, сен екі мас адамды соқтың, сенің анаңнан балағаттады, сен соған шыдамай намысыңа тиген соң соларды соғып кеттім деп айтасың дейді. Мен айтпаймын, олар айтасың деді”, – айыпталушы Сүндет Есенбеков.

Айыпталушы тараптың сөзінше, ұстаз соққыға жығылған күні оның қасында А есімді адам болған. Ол азамат сол түні мұғалімнің ақшасын, ұялы телефонын ұрлап, жауапқа да тартылды дейді. Ата-аналар мұғалімді де ұрған сол деп күдіктенеді. Ал осы істі тергеген тергеушілермен кездесу мүмкін болмады. Бастығы облыстық баспасөз қызметі арқылы барлық сұраққа жауап аласыз деп шығарып салып еді, бірақ ол жерден де жауап болмады. Енді әділдікке жете алмадық деген үш жеткіншектің ата-анасы жоғарғы жаққа жан айқайымыз жетсе деп тілейді. Себебі, балалар егер кінәлі деп танылса 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Талқылау