Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында мүгедек азаматтың үйін танысы қарызы үшін кепілге қойып сатып жіберген

Алматы облысында екінші топтағы мүгедек Ермек Әкімжановтың отбасы далада қалуы мүмкін. Ермектің сөзінше, отбасының сеніміне кірген Еркебұлан есімді азамат,басқа біреуден алған қарызы үшін, Ермектің үйін кепілге қойып, сатып жіберген көрінеді.

Алматы облысында мүгедек азаматтың үйін танысы қарызы үшін кепілге қойып сатып жіберген

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Енді Ермектің көршілері екі балалы отбасының даулы баспанасын сот орындаушыларынан қорғап әлек. Ал, бұл кісілер «алдап соқты» деп отырған жігіттің аталмыш жағдайға қатысты пікірі басқа.

Алматы іргесіндегі Тұздыбастау ауылының Амангелді көшесінің тұрғындары бұл үйге жиі жиналады. Әсіресе, “сот орындаушылары үйді мәжбүрлі түрде босатуға келеді” – деген хабарды естігелі, тіпті мазасы қашқан.  Қырық жыл ата-анасымен, кейін  балаларымен  көрші тұрған тұрғындар, бұл отбасының алданып қалғанына сенімді.

“Операцияға ақша керек еді. Ақша бересіздер ме деп сұрап алды. Бірнеше адамдар келе бастады. Неше түрлі делдалдар. Мен оларды танымаймын. Кім екенін”, – дейді  Тұздыбастау ауылының тұрғыны Шолпан Қаңлыбаева.

Әке-шешесінен мұраға қалған үйдің иесі осы кісі. Шолпан Қаңлыбаева күйеуі екеуінің сеніміне кіріп, жақын араласып кеткен азаматтың өздерін алдап кеткенін кейін білдім дейді. Үйді кепілге қойып қарыз алатын күні – өзіне даулы баспананы сатып-алу келісім-шартына қол қойғызып жатқанын да түсінбедім деп отыр. Мәселені түсініп, үйімізді даулай бастағанда, Еркебұлан есімді азамат алдымен өзімді, кейін күйеуімді ұрып кетті дейді.

“Ол менімен жағаласа бастады. Мені ұрып кетті. Күндіз түсте. Артынан жоқ болып кетті”, – дейді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Ермек Әкімжанов.

Алайда, жергілікті полиция қылмыстық құрамның жоқтығын айтып, іс қозғаудан бас тартқан. Ал, кешкі мезгілде үйіндегі кеңсесінде бұл дауға себепші болған  құжатты рәсімдеген нотариус Айман Нүкеева болса, бастапқыда бұл құжатты үйді сату-сатып-алу келісім шарты дегенімен, артынша есімде жоқ деп жауап берді. Компьютерім істен шықты деп, құжатты да көрсете алмады.

Ал, Еркебұлан Бәжікеев  болса,  ешкімді алдаған жоқпын дейді.

“Сатылып жатқан болмады. Нотариусте ең бірінші рет 21 декабрьде, қайталап айтам, залог деген үш айға. Сізден алдым, тәте. Розадан алдың. Мәкішева Розаны әкеп, сол кісіден ақша алып тұр”, – дейді Алматы облысының тұрғыны Еркебұлан Бәжікеев.

Енді Әкімжановтар отбасы  сотқа шағымданбақ. Өйткені, бұл – бір емес,  бірнеше адамның ұйымдасып отырған қылмысы дейді.

 

Талқылау