Алматы облысында ауыл тұрғындары мен мұғалімдер мектеп директорына қайта шағымдануда
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында білім саласында шу шықты. Қайназар ауылындағы мектеп директорына мұғалімдер түгілі, ауыл тұрғындары да наразы. Директорға қарсы болғанымыз үшін қудалауға ұшырадық деген ұстаздардың алды жұмыстан шығып жатыр екен.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Қайназар аулындағы мектепте 17 жыл білім берген Назгүл Абирова бүгін жұмыс орнына кіре алмады. Мектеп директорының бұйрығымен тәртіп бұзды деп жұмыстан шығарылыпты. Ал ешқандай ереже бұзбадым, талапқа сай қызмет атқардым деген ұстаз жұмыстан босауын мектеп басшылығына қарсы шыққанымен байланыстырады.
“Біз тоғыз мұғалім қол қойып берген. Олар осындай қуғын-сүргіндеміз. Қалай мектеп директоры 2017 жылдың 14 сәуірінде орнына қайта келді, содан бастап біз қуғындалудамыз. Күзде әуелі класымды тартып алды”, – дейді Ш.Уалиханов атындағы мектептің бұрынғы мұғалімі Назгүл Абирова.
Ал мектептен шығатын күнін күтіп жүрген ұстаздың бірі – география пәнінің мұғалімі Гүлнәр Еркенова. Өзім ауырып жатқанда оқушым тәртіп бұзғаны үшін қатаң сөгіс алдым дейді.
“Осы қудалаудың түрі деп ойлаймын. Неге олай ескертілген. Енді мен тағы да қатаң сөгіс алатын болсам, мен жұмыстан кетуім керек. Ал ол қатаң сөгіс ертең болады. Мысалы, балалар сабақтан кешігуі мүмкін. Тағы басқа себептер болуы мүмкін. Сол кінәнің бәрін ол бізге ауыстыра салады”, -дейді география пәнінің мұғалімі Гүлнәр Еркенова.
Ұстаздардың мұңын бөлісуге ауылдағы ата-аналар да келген. Бәрінің талабы жалғыз – ауыл мектебін ретке келтіру. 1977 жылы бой көтерген ғимарат жақын арада жөндеу көрмеді дейді наразы топ. Ал директордың орынбасарлары түсіру тобы мен ата-аналарды мектептен қуумен болды.
Ал аудандағы 85 мектепке басшылық ететін білім бөлімі шулы мектеп Еңбекшіқазақ ауданында алдыңғы қатарлы дейді. Ұлттық тестілеуден де үздік нәтиже көрсетеді екен.
2017 жылдың басынан бері дауы тарқамаған ауыл халқы бірнеше рет жиналып заң орындарына да шағымданған. Түрлі тексерулерден кейін орнынан алынған директор араға 2 ай салып қызметіне қайта кіріскен. Ол кезде де ұстаздар мен ата-аналар наразы болған.
“Аталған мектептің директоры өзінің функционалдық міндетін талапқа сай атқарып отыр. Оқу-тәрбие жұмысы тиянақты, жүйелі жүзеге асырылып келе жатыр. Ал енді ішкі дүниесінде, мынау мұғалімдердің мектепке орналасуы немесе белгілі бір себептермен жұмыстан шығып кетуі ол өзінің дәлелі бар деп ойлаймын”, -дейді Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы Бәтес Аманова.
Бөлім басшысы мектептің ішкі ісіне араласа алмаймын дейді. Егер директор тарапынан кеткен кемшілік болса ұстаздар заң көмегіне жүгінсін деген пікірде. Ал мектеп директоры 2009 жылдан бері осы қызметте екен.
Оқи отырыңыз:
Ақтөбеде хиджаб киген оқушылар келесі сыныпқа көше алмай қалуы мүмкін
Таразда қырыққа жуық қоғамдық көлік рейске шықпай қойды
Оралда жантүршігерлік апаттан аман қалғандар оқиғаның қалай болғанын айтты
Алматы облысында 10 жасар қыз әлі күнге дейін мектепке бармаған