Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Молдақасымованы сотқа беретінін мәлімдеген гинекологты арнайы бригада мәжбүрлеп әкетпек болған

Алматы қаласындағы №12 орталық қалалық клиникалық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі, "Көктем" санаторийінде провизорда жатқан дәрігер Гаухар Әмірееваны алдымен арнайы бригада, кейін полиция қосылып басқа ауруханаға алып кетпекші болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

 Гаухар Әміреева

Гаухар Әміреева - 30 жылдық тәжірибесі бар, жоғары санатты акушер-гинеколог. Дәрігер өзін алып кетуге келгендер денсаулығына байланысты емес, ашық пікір айтқанына байланысты келген деп ойлайды.

Бұған дейін бөлім жетекшісі өзінің Facebook-тегі парақшасында "қауіпсіздік ережесін сақтамады" деген Алматының бас санитарлық дәрігері Айзат Молдақасымованың мәлімдемесіне байланысты оны ұжыммен бірігіп сотқа беретінін мәлімдеген. Сонымен бірге, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты жауапқа тарту керектігін жазған. 

"Бұл мәлімдеме кейбір адамдарға қажет емес екенін, ұнамағанын мен жақсы түсінемін. Біз өз құқықтарымыз үшін күресіп жатырмыз. Медициналық қызметкерлерге бұлай ешкімнің аяқ сүртуге құқы жоқ", - деді Гаухар Әміреева өзін алып кетпек болғандарға.

"Көктем" шипажайына жеткізілген ақ халаттылардың сынама нәтижелері теріс болған.  Әміреева да өзінің вирусты жұқтырмағанын айтты. Ал оны оқшаулауға келгендер дәрігерден коронавирус табылғанын мәлімдеген.

Мәселе ушыққан кейін сол түні денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Нәдіров пен Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев  карантинде жатқан ұжымға келіп, кешірім сұрап, қателік кеткенін айтқан. 

Олардың айтуынша, тест тапсырған медицина қызметкерлерінің тегі ұқсас болғандықтан сараптама нәтижелері ауысып кеткен.

"Бұл қасақана жасалған жоқ, қателікті біздің дәрігерлер жұмыстың көп болғанына байланысты байқамай жіберіп отыр. Бұл үшін олар жазаланады. Соның ішінде әріптестерімізден, оның ішінде гинекологтан кешірім сұраймыз", - деді Тілеухан Әбілдаев. 

Ал Гаухар Әміреева бұл жағдай осымен бітпейді деп, адвокаттарымен бірлесе Айзат Молдақасымованың атына және түнде болған оқиғаға қатысты сотқа дейінгі шағым дайындап жатқанын хабарлады.

 

Талқылау