Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан қаласына барып, мұсылмандықты бір күнде қабылдаған: Журналист сенімін өзгертуге не әсер еткенін айтты

Алматылық журналист Сергей Алексеенок – православ дінінен исламға бет бұрған азамат. Жақында ол Түркістан қаласына барып, мұсылмандықты бір күнде қабылдаған. Өзінің сөзінше, 20 жылдан астам уақыт бойы исламға деген қызsғушылығы Алланың жолына түсуіне себеп болған. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Сергей жақындарының бұл шешімді қалай қабылдағанын, өмірі қалай өзгергенін және исламның шарттары мен көп әйел алуға қатысты пікірін айтты.

Сергей Алексеенок, жеке архивтен

Сергей Алматы қаласының тумасы, журналист. Көбіне Қазақстан мәдениеті мен тарихы тақырыбын көтереді. 

Жасөспірім кезімде монах болам деп ойладым”

“Алматы қаласында туып-өстім. Әкем Беларусь азаматы, анам алматылық. Бүгінде фото-журналист, жазушымын. 

Мені өсірген отбасым діни көзқарастарды айтарлықтай ұстанды деп айта алмаймын. Бала кездегі естеліктерім бойынша, апаларым діннен алшақ адамдар болған жоқ, дегенмен, шіркеуге бармайтын. Алайда мен дінге, құдайға жастайымнан жақын болдым”, – деп есіне алады кейіпкеріміз.

Сергей жасөспірім кезінен дінге бет бұрып, тіпті монах болуды, діни жолға түсуді де ойлапты.

“16 жасымда мен провослав шіркеуіне кетіп, монахтық өмірге дайындалып жүрдім. Содан соң бұл идеядан бас тартып, қалыпты өміріме қайта оралдым. Дін және философияға деген қызығушылық хобби ретінде жүрді. Жұмыста да менің негізгі бағыттарымның бірі – Қазақстан тарихы мен мәдениеті. Бір жарым жыл телевизияда осы бағытта арнайы бағдарлама да жүргізген болатынмын. Қазақстанда рухани әлем исламмен байланысты екені рас қой. Тәңіршілдік, ислам әлеміне ұзақ уақыт бойы қызығып жүрдім. Қазақстандағы маған ең жақын мекен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болатын. Cонда дұға жасаған ұнайтын, ол жер ерекше сезім сыйлайтын. Тіпті былтыр туған күнімді аяқ-асты сонда өткізгім келіп, кесенеге сапарлатқан жайым бар”, – дейді ол.

Түркістанға соңғы сапарлардың бірінде Сергей исламды қабылдайтынын нақты шешкен. 

Медресеге барып, мұсылман болдым

“Оңтүстікте іс-сапарда жүрген кезде достарымды Яссауи кесенесіне апарып келуін сұрадым. Олар менің ерекше қызығушылығымды байқап жүрген соң, “ислам дінін қабылдамайсың ба” деп бастама көтерді. Әрине, мен бұл туралы ұзақ уақыттан бері ойланып жүргенмін. Діннің қатал шарттары бұл шешімді қабылдауымды кейінге шегере берді. Бес уақыт намазға тұру, кейбір нәрселерден бас тарту қиын болды. Исламды дайын болған кезде қабылдаймын деп жүрген болатынмын. Достарым “бұлай жүре берсең, ешқашан шешім қабылдамайсың” деп, нақты қадам жасауға жігер берді. 

Айтуынша, осы қолдаудың арқасында ол медресеге барып, мұсылмандықты қабылдаған. Оған дін өкілдері мұсылманша Мұхаммед-Әмин есімін берген.

“Дәрет алып, араб тілінде шахада (Мұсылмандардың сенім туралы мәлімдемесі. Куәгерлер алдында шахада оқу – бұл исламды қабылдаудың ресми қадамы – авт. ) оқыдым, содан соң маған жаңа есім берді. Муфтий қасымда тұрып, араб тілінде дұға жасады. Арада екі сағат өткен соң Алматыға ұшып кеттім. Достарым қазір қолдап жатыр, себебі олар да жауапкершілікті сезініп отыр”, – дейді Сергей.

Айтуынша, қазір исламның бес парызын қадам-қадаммен орындауды мақсат тұтып отыр.

“Барлық парызды бірдей орындау оңай болмай тұр. Ең қиыны – толықтай әлемге деген көзқарасты өзгерту. Теориялық жағынан мен ислам туралы көп нәрсе білемін. Жұбайым он жыл бойы суфизм поэзиясынан сабақ беретін. Сол арқылы суфизмді ұстанған ақындарды көп оқыдым. Әрине, сырттай бақылау мен исламды ұстану екі бөлек нәрсе. Бірден бас тартқаным – алкоголь болды. Қазір күнде Құран оқуға тырысамын. Әзірге тек орыс тілінде оқып жатырмын, араб тілінде оқу қиындау болып тұр. Күнделікті Әл-фатиханы ішімнен айтып жүрмін”, – дейді мұсылман атанған ер азамат.



Ораза ұстауға ниет етіп отырмын

Сергей өзінің исламға деген қызығушылығы 20-25 жылға созылғанын айтады. Осы қызығушылық оған дінді қабылдауына түрткі болады. Қазіргі уақытта ол ораза ұстауға ниеттеніп жүргенін жеткізді. 

“Ораза ұстауға дайындалып жатырмын. Жұмыстағы әріптесім екеуміз бірге ұстап, бір-бірімізге демеу боламыз деп шештік. Жаратушымыз өзі көмегін береді, Рамазан айында сенімді берік ете түседі деп ойлаймын”, – дейді ол.

Құдай – жалғыз, оған барар жол – әртүрлі

Сергей өз сенімін отбасы жылы қабылдағанын айтады. Алайда балаларына, немерелеріне дінді таңбайтынын айтып отыр. Құдайға барар жолды әркім өзі таңдайды дейді ол.

“Ата-анам бұл шешімді қалыпты деңгейде қабылдады, жалпы мен адамдарды таңғалдырып жүретін әдетім бар (күледі-авт.). Бүгінде отбасымда жұбайым, бірінші некемнен ұлым бар. Ұлым ересек азамат, өз отбасын құрған. Бірінші жұбайым мұсылман еді, сол себепті ұлымыз дүниеге келгенде исламның жоралғылары орындалған. Қазіргі жұбайым ислам мәдениетімен таныс, алайда оның шарттарын қабылдамайды. Мен де міндеттемеймін. 

Дінге келгенде, әрине, немерелеріме ислам жайлы айтып, түсіндіремін деп ойлаймын, бірақ нақты сол құндылықтарды сіңіріп өсіремін деп айта алмаймын. Әркімнің өз таңдауы бар. Құдай – жалғыз, оған барар жол – әртүрлі. Кімге қандай жол жақын болады, сол жолмен Құдайға жетеді. Маған Исламның жолы жақын”, – дейді кейіпкеріміз.

Оның сөзінше, таңдауына қатысты көпшілік оны қолдап, ізгі ниеттерін жеткізген. Исламды дінін ұстанатындарға деген күмәнді, сыни көзқарасты сезінбегенін де Сергей атап өтті. 

“Таңғалдырғаны, мені христиан дінін ұстанатын достарым ғана емес, танымайтын адамдар да қолдады. Исламда мұсылмандар дінге келгендерге үлкен қолдау көрсететіні белгілі. Сынау, айыптау болған жоқ. Жаратушының қалауымен, мені қоршаған адамдарға сыйлымын, сол себепті таңдауыма үлкен құрметпен қарайды. 

Исламды қабылдағаныма екі апта болды. Қазір менде іштей өзгерістер болып жатыр. Әлемге деген көзқарасың өзгеріп, өмірге исламдық тұрғыда қарай бастайды екенсің. Бәрі Аллаһтың қалауында, ол өзіне менің жақындағанымды қаласа, солай болуы керек”, – дейді Сергей.


“Тілімді қорламай, елден кет” дегендер болды": Қазақ тілін қазақтарға үйретіп жүрген корей азаматы өзіне жасалған хейт туралы айтты 


Екі тарап келіссе, неге болмасқа? Көп әйел алу жайлы

Ислам көп әйел алуға рұқсат береді. Осы жайлы пікірін кейіпкеріміздің өзінен де сұрадық. Ол алдағы уақытта көп әйел алу жоспарында жоқ екенін айтады.

“Ислам бойынша әрбір әйелге махаббат, материалдық жағдай теңдей бөлінуі керек. Олардың бірде біреуі өзін жайсыз, артық не кем сезінбеуі керек. Егер жұбайы осындай жағдайды жасай алса, ал әйелдер бұған келісімін берсе, неге болмасқа? Өзіме келсем, бұған дайын емес сияқтымын”, – дейді Сергей.

Ол исламның бес парызын орындау адамзаттың қамы үшін жасалғанына, адам баласына үлкен пайдасы барына сенеді. Сондықтан осы парыздарды орындауға бекініп отыр. Алайда мұның бәрі шын жүректен жасалуы керек дейді.

“Мысалы мен, кесте бойынша істеу керек болған соң ғана ерте тұрып, намаз оқыған дұрыс деп ойламаймын, олай істегім де келмейді.  “Тезірек бітсе екен” деген оймен дұға жасағым да келмейді. Жаратушы өзі бұл нәрсені шын жүректен жасауға күш-қуат береді деп ойлаймын. Бұл дінді қабылдаған оған оның шарты болып саналатын бес парызды орындау керек. Мұның бәрі біздің өз қамымыз үшін жасалып қойған”, – дейді ол.

Талқылау