Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық ерлі-зайыпты жетім қалған ұлының екі сыныптасын асырап алды

Жетім қалған егіз жасөспірімді бауырына басқан алматылық ерлі-зайыптыны қазір қазнет қызу талқылап жатыр. 17 жастағы Богдан мен Даниилдың бала кезде әкесі қайтыс болса, былтыр аяқ астынан анасы өмірден озыпты. Барар жері қалмаған қос жеткіншекті Бақытжан мен Арзыгүл Әбдірахмановтар асырап алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ата-анасынан айырылған Богдан мен Даниил Сартаковтардың жуырда жаңа отбасындағы алғашқы туған күні өтіпті. Дәл сол қуанышты сәттің видеосын Арзыгүл Әбдірахманова желіге жүктеген. Бейнежазба бірден елдің назарына іліккен. Аз уақытта видеоны екі миллионнан астам адам көрген.

"Біз дәл сол видео бірден талқыға түсіп, оны қаншама миллион адам қарайды деп ойлаған жоқпыз. Қатты таңғалдым. Біраз адам жылы сөздер жазыпты. Олардың пікірін оқығанда шыны керек қатты жылағым келді. Олардың біздің үйдегі алғашқы туған күні болғасын дұрыстап, әдемілеп өткізейік дедік. Біз олардың туған күнін ғана емес, өзіміздің балалардың да туған күнін дәл солай өткіземіз. Түнгі 00.00-де құттықтаған сәтімізді видеоға түсіріп, желіге жүктегенбіз ғой. Сонша адам көреді деп ешкім ойламады", – дейді жетім балаларды асырап алған ерлі-зайыпты.

Арзыгүл Әбдірахманова бауырына басқан қос жеткіншектің тағдырын бүкпесіз баяндап берді. 

"Богдан мен Даниил менің екінші ұлым – Самиржанмен бір сыныпта оқыған, яғни сыныптасы. Бізде ата-аналардың WhatsApp чаты бар. Бір күні сол чатта осы егіз баланың анасы қайтыс болғаны туралы суық хабарды естідік. Бұлардың Алматыда ешкімі жоқ, туыстарының бәрі Ресейде тұрады екен. Сол сәтте біз ата-аналармен бірігіп мүмкіндігімізше тез арада ақша жинап, анасын өздерінің дәртүрімен жерледік. Ал әкесі Богдан мен Даниил кішкентай кезде өмірден озған екен", – дейді Арзыгүл Әбдірахманова.

Анасы қайтыс болған соң ағайындыларды балалар үйіне тапсырған екен. Кейін Бақытжан мен Арзыгүл қос жеткіншекті өзінің қамқорлығына алуды құп көреді. Оған өзіндік себеп те бар көрінеді.  

"Негізі біз Богдан мен Даниилды бұрыннан танимыз. Екінші баламмен жақсы дос. Кіші ұлым да олармен жақсы дос екенін айтып, бізге ұсыныс тастады. Мен олардың біздің үйде тұруына қарсы болмадым. Мұны күйеуіме айтып едім, ол бізді бірден қолдады. "Егер ешкімі жоқ болса, өзімізге алайық" деді. Содан кейін құжаттарын заңды түрде рәсімдеп, қамқоршылық әрі қорғаншылық мақсатта өзіміздің тәрбиемізге алдық. Мемлекет екі балаға 68 000 теңге төлейді", – дейді егіз жасөспірімді бауырына басқан ана.

Ал жаңа отбасының мүшесі атанған ағайынды Богдан мен Даниил қиын кезде қолдау көрсетіп, қамқорлығына алған жанұяға айтар алғысы шексіз. 

"Бұл кісілер тамаша әрі жақсы отбасы. Өте мейірімді жандар екенін айтқым келеді. Біз алғашқыда біраз ойландық. Одан кейін осы үйге келеміз деп шешім қабылдадық. Себебі  біздің барар жеріміз болмады. Тамаша адамдар, түсінігі мол әрі еңбекқор жандар. Бізге осылай көмек көрсеткені үшін ол кісілерге шексіз ризамыз. Көп рақмет! Бұл отбасының кіші ұлы Самиржан – біздің сыныптасымыз. Біз онымен бұрыннан бірге оқимыз. Бұл кісілердің үй шаруасына көмектесетінбіз, бірге талай қыдырғанбыз", – дейді ағайынды Богдан мен Даниил. 

Егіз жеткіншек бүгінде колледжде білім алып жүр, екеуі де грантта оқиды екен. Ал Богдан мен Даниилды бауырына басқан ерлі-зайыпты олардың келешегінен зор үміт күтетінін айтты. 

"Болашақта Богдан мен Даниилға жақсы жар жолығып, олар отбасын құрса деп армандаймыз. Олардың өмірінде барлығы жақсы болса дейміз. Өйткені олардың тағдыры өте ауыр. Қазір заман қиын. Дұрыс жүрсе екен, жаман нәрсеге ұрынбаса екен. Тек жақсылық күтеміз. Егер үйленеміз десе, бұйырса тойды да жасаймыз. Ең бастысы денсаулық болсын", – дейді алматылық ерлі-зайыпты.

Айта кетейік, Бақытжан мен Арзыгүлдің ортақ некесінен екі ұл, бір қызы бар. Жуырда олардың қатарына Богдан мен Даниил қосылды. Осылайша, олар ойда-жоқта бес балалы ата-анаға айналды. Жетім қалған қос жеткіншекті бауырына басқан ерлі-зайыпты алдағы уақытта тағы бір қыз баланы асырап алсақ деп отыр.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

 

Талқылау