Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 230 700 теңгеге дейін өседі": C. Асфендияров атындағы медицина университетінің студенттері оқу ақысының өсуіне наразылық танытты

Алматыдағы C. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері алдағы оқу жылынан бастап оқу ақысының 25% көтерілетініне наразы болды. Олар оқыту сапасы мен шарттары оның құнына сәйкес келмейтінін айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vlast.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Фото студенттің жеке архивінен алынған

“Олар бізге құжаттарды жіберді (...). Көптеген студент пен олардың отбасы үшін бір жыл ішінде 250 мың теңге төлеу өте үлкен рөл атқарады. Олардың бұл оқу ақысын төлеуге шамасы келмейді”, – деді атын атамауды сұраған ҚазҰМУ-дың 6-курс студенті.

Университет студенттерге жіберген құжаттың 3.1 тармағында “Келісімшарт мерзімі ішінде инфляция индексі өскен және шығыстар деңгейі көтерілген жағдайда оқу ақысының құнын университет біржақты тәртіппен өзгертуі мүмкін” екені жазылған.

Құжатқа сәйкес 2024-2025 оқу жылына “Жалпы медицина”/”Медицина” бағдарламасы бойынша оқыту құны 1 230 700 теңгеге дейін өседі. Оқуын жалғастыратын студенттер мен интерндер үшін оқу бағасы өзгермек.

Университет мұны “сапалы білімге жағдай жасау үшін” жыл сайын қаржылық шығындар өсіп келе жатқанын айтып, түсіндірді.

Өз кезегінде ҚазҰМУ студенті оқыту шарттары бағаға сәйкес келмейтінін айтып отыр. Студенттер антисанитариялық жағдайдағы ғимаратта, соның ішінде жертөледе оқуға мәжбүр. Сонымен қатар олар бірнеше ғимарат арасында жүрулеріне тура келеді.  Өйткені оқу процесін бір ғана ғимаратта ұйымдастыру мүмкін емес. Әңгімелесушінің айтуынша, кейбір медициналық базаларда тіпті дәретханалар да жоқ.

Бұдан бөлек білім алушылар өз қаражатына университет беруге міндетті қажет жеке қорғаныс құралдарын: бетперде мен қолғапты сатып алып жатыр. Студенттердің айтуынша, университет бұл қарапайым нәрселерді қамтамасыз етпейді.

“Біз деканмен немесе ректормен сөйлесуді өтіндік. Тіпті бізбен ешкім сөйлеспеді де, жауап берілмеді де”, – деп атап өтті студент.

Университет телефоннан жағдай туралы түсінік беруден бас тартты. Редакция университетке ресми сауал жолдап, әлі жауап ала алмады.

Айта кетейік, Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті – Қазақстандағы ең көне медициналық оқу орындарының бірі. Оның жалғыз акционері денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеген. Университет ректоры Марат Шоранов бұған дейін денсаулық сақтау бірінші вице-министрі қызметін атқарған.

Еске салайық, бұған дейін шымкенттік әйел Narxoz университетінде оқып жүрген қызы үшін араша сұрап, ЖОО-дағы әділетсіздікке шағымданғанын жаздық. Сөзінше, 2 жыл бұрын ректор грантын жеңген қызынан биыл университеттегі оқу ақысын тез арада төлеуді талап етіп, жазғы емтиханға кіргізбеген. Енді ол баласы оқудан шығып қала ма деп қорқады. 

Талқылау