Тұрғымбаев Алматыдағы атыстан қаза болған полицейлердің отбасыларына мемлекеттік марапатты табыс етті
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 20 қыркүйекте Алматыдағы Ақбұлақ ықшамауданында сот шешімін орындау кезінде қайтыс болған Алматы полиция департаментінің екі қызметкері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасыларына мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Біздің әріптестеріміз полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев қызметтік міндеттерін адал атқарып, әріптестерге үлгі бола білді және болашаққа үлкен жоспарлар құрды. Олардың өмірін қиған қайғылы оқиға барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірді", – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі.
Табандылығы мен антқа адалдығы үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен учаскелік полиция инспекторлары Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиев қайтыс болғаннан кейін ІІ дәрежелі Айбын ордендерімен марапатталды.
"Бүгін мен мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін келдім", – деді Ерлан Тұрғымбаев.
- Алматыда 5 адамның өмірін қиған Игорь Дужновтың әйелі күйеуінің көгерген денесіне қатысты шағым түсірмекші
- "Не себепті оның аты еш жерде аталмады": Алматыда атыс кезінде қаза тапқан бесінші адамның туыстары жанайқайын жеткізді
- "Қолына қару ұстап көрген емес": Алматыда атыс шығарған азаматтың жары күйеуі жайлы айтты
Ол ішкі істер органдарының қызметкерлері өз қызметтерін атқару кезінде әрқашан қылмыспен күресте және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы қатарда тұратынын баса айтты. Сонымен қатар қызметтерін атқару кезінде заң қызметкерлері өз бастарын қатерге тігеді.
Естеріңізге салайық, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.
Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді.
"Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.