Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар бір жыл бұрын салынған тұрғын үй кешені бұзылып жатыр деп шағымдануда

Алматыда жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйді бір жыл бұрын ғана салғанымен, шетінен қирап жатқанын айтып шағымданған. Қабырғаның сылағы түсіп, құбыр жиі жарылады, жаңбырлы күні шатырдан су ағады дейді тұрғындар. Олар үйдің сапасына шағымданып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап еткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" телеарнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

алма сити

Тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйлерде коммуналдық апаттардың жиі болатынын айтады. Жақында жоғарғы қабаттан аққан ыстық су төменгі қабаттарды басып қалған. 

"Түні бойы ұйықтай алмадық. Көршім жертөлеге түсіп көрді: құбыр жүйесі қисық жүргізілген, барлығы бітеліп қалған. Тазартқаннан кейін судың ағуы тоқтады. Пәтер иелерінің кооперативі акт толтырып, шығынды есептейтінін айтқан. Бірақ әлі ешнәрсе жасамады", – дейді тұрғындардың бірі Ғалия Қыпшақбаева. 

Пәтер иелері жөндеу жұмыстарын өздері жүргізген. Алайда үйлерде таза су жоқ әрі жарық та жиі сөнеді екен. Сонымен қатар жылудың да берілмегенін айтып шағымданған. 

"Alma City" тұрғын үй кешені қолданысқа өткен жылы берілген. Жөндеу жұмыстарын аяқтап, көшіп келген тұрғындардың айтуынша, кешенге қызмет көрсететін компания қызметін дұрыс атқармайды. Егер мұндай апаттар жалғаса беретін болса, үйлер құлап қалуы мүмкін дейді. Ал жауапты компания мүмкіндігінше сұрақтарды шешіп жатқанын айтады, бірақ кей мәселелерді құрылыс жүргізген компания шешуі керектігін мәлімдеген.

"Тұрғындарға апта көлемінде судың қызыл түсті болатынын ескерткенбіз. Мамандар келіп, сынама алды. Бұл сауалға солар жауап береді. Аудан мұндай көппәтерлі кешендерге арналмағандықтан, жарық жиі сөнеді. Мұнда біздің қатысымыз жоқ. Үйді біз салған жоқпыз, сондықтан бірінші қабаттардағы мәселелерге де біз жауап бермейміз", – деді "Alma City" тұрғын үй кешені пәтер иелері кооперативінің басшысы. 

Пәтер иелері жауапты компанияның шығындарды өз мойнына алып, материалдық өтемақы төленсін деп талап етіп отыр. 

Талқылау