"Zhekas Doner, Salam bro": Алматыда заңсыз салынған бірнеше тамақтану нысандары мен дүкен сүрілді (видео)
Алматыда бірнеше коммерциялық ғимарат сүрілді. Сот шешімімен қоғамдық тамақтандыру нысандары мен дүкендер бұзылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігі баспасөз қызметі
Әкімдіктің хабарлауынша, заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығару арқылы меншік иесіне шара қолданылды.
"Түркебаева, 88 мекенжайында орналасқан ғимаратқа жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша нысан рұқсатсыз салынғаны анықталды. Меншік иесіне (жеке тұлғаға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 316-бабының 1-бөлігі (Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, объектiлердi және олардың кешендерін жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша салу (реконструкциялау, реставрациялау, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделiжөндеу), 321-бабы ( Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру), 323-бабы (Техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда, белгiленген тәртiппен пайдалануға берілмеген объектiлер мен кешендердi пайдалану) бойынша жол берілген бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылып, шара қолданылды.2023 жылы 18 мамырда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына бұзу туралы талап арыз беріліп, сот оны қанағаттандырды. Ккейін меншік иесі апелляциялық шағым түсірді, бірақ бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды", – делінген хабарламада.
Фото: Алматы әкімдігі баспасөз қызметі
6 мамырда нысанды бұзу жұмыстары сот орындаушыларының қатысуымен жүргізілді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев заңсыз құрылысқа бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. 2023 жылдан бері қалада барлығы 28 заңсыз нысан бұзылған. Оның ішінде бизнес орталықтары, мейрамханалар, кеңейтім және автокөліктерге қызмет көрсету орталықтары, "Мечта" және "Хан" сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.