"20 секунд күтуі керек еді": Алматыда өрт кезінде қаза болған әйелге қатысты жаңа деректер айтылды
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті "Ақкент" тұрғын үй кешеніндегі өрттен қаза болған әйел туралы толық мәлімет берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы өртте қаза тапқан әйелдің терезеден секіргенін айтты.
"Біздің бөлімше қызметкерлері уақытында қозғалды. 20 секунд күткенде іштегілерді түгел құтқарар едік. Алайда олар біз ішке кіргенше секіріп кетті. Балконда кішкене күтсе, біздің өрт сөндірушілер де екі қызды құтқарып қалар еді", - деді ТЖД бастығының міндетін атқарушы, полковник Ерлан Әлібеков.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттен 80 адам құтқарылды, оның 16-сы – балалар.
"Терезеден секіріп кеткен адамдар қателесті. Сабырлық сақтау керек еді", – деп қосты Ерлан Әлібеков.
Айта кетейік, 1 тамыз күні Алматыда сағат 17:00 шамасында 16 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққан болатын. Түтіннен қашқан тұрғындар пәтерлерінің терезелерінен секіріп, балаларын сыртқа лақтыра бастады. 43 адам зардап шекті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда көпқабатты тұрғын үй өртенгені және Өрт салдарынан бір әйелдің қаза болғаны туралы жазған едік.