Алматы әкімдігі "Қазақстан" қонақүйінің иесін сотқа берді
Almaty Tour Studio желідегі парақшасында Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйінің 15-қабатынан түсірген фотоны жариялап, тарихи субұрқақтың жартысын алып тастап, орнына заңсыз салынған бассейнді көрсетті. Бұл қонақүй мен субұрқақтар – маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш. Мәдени жәдігерді бұзуға заң бойынша тыйым салынғанымен, неліктен бұлай жасалғанын Stan.kz тілшісі қала әкімдігінен сұрап білді.
Фотоны Almaty Tour Studio түсірген
Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, “Қазақстан” қонақүйінің жанындағы субұрқақты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсат құжаттарынсыз жүргізілді.
“Объектідегі жұмыстар тоқтатылды. "Crown Star" ЖШС меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру нәтижесінде бұзушылықтарды жоюға нұсқама бере отырып, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 316-бап, (Объектiлердi және олардың кешендерін жобалау құжаттамасынсыз не белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау құжаттамасы бойынша салу),
1-бөлігі (Объектiлердi және олардың кешендерін, жобалау құжаттамасынсыз не сараптама жүргізу талап етілетін, белгiленген тәртiппен сараптамадан өткiзiлмеген жобалау құжаттамасы бойынша салу және 321-бап (Құрылысты техникалық және авторлық қадағалауларды қатар жүргізбей жүзеге асыру) бойынша шаралар қабылданды. Бүгінде басқарма ұйғарымды мәжбүрлеп орындауға сотқа талап-арыз береді”, – деп нақтылады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осы ретте Алматы мәдениет басқармасы қонақүйдің жанында көрсетілген субұрқақ ескерткіштің бөлігі емес екенін, алайда ол күзет аймағының аумағында орналасқанын атап өтті.
“Қазақстан” қонақүйінің ғимараты Алматы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы қаулысына сәйкес Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Осыған байланысты объект аумағында қандай да бір құрылыс немесе реконструкциялау жүргізу үшін меншік иесіне тиісті ғылыми-жобалау құжаттамасын дайындау және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қажеттілігін негіздеу қажет болды. Алайда бұл орындалмады, ғимараттың иесі басқармаға жүгінбеді”, – деп жауап берді қала әкімдігі.
Айта кетейік, биыл сәуір айында мәдениет басқармасының қызметкерлері шағымдар түскен нысанды тексеріп, "Crown Star" ЖШС қонақүйі иесінен күзет аймағының аумағында құрылыс жұмыстарын тоқтатуды және бұзушылықтарды жоюды талап еткен.
“Бұдан бөлек 2024 жылғы 24 мамырда Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасына қонақүй иесін жауапқа тартуға жәрдемдесу туралы сұрау жіберілді”, – деді баспасөз қызметі.
Желідегі жазбада алғашқы сурет “Қазақстан” қонақүйінің 15-қабатынан түсірілгені айтылған.
“Көріп отырғаныңыздай, қонақүйдегі тарихи субұрқақтың жартысы жабылып, оның орнында қазір бассейн бар. Оның үстіне субұрқақтың өзіндік дизайны оң жаққа ауыстырылған (бұрын субұрқақ қай жерде болғанын салыстырыңыз – бұл екінші фотода анық көрінеді). Бассейн көшеден көрінбеуі үшін және қала тұрғындарының қажетсіз сұрақтарын тудырмауы үшін бассейн өте “әдемі” жасыл желекке оранған. Өткен сәуір айында “Қазақстан” қонақүйінің субұрқағында жұмыс басталғанда журналистер түсініктеме алу үшін әкімдікке жүгінген. Қала әкімдігі жөндеу жұмыстарының басшылықпен келісілмегенін хабарлады. @akimat_almaty қазір мақұлдау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Біз тарихи субұрқақтың 50% қирауын сәтті күттік, екінші бөлігінің бассейнге айналуын күтіп жүрміз бе?” – деп жазды пост авторы.