Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мүгедек ұлымен қайыр тілеп жүрген жалғызбасты ана баспаналы болды

Балжан Аршабекова бір апта бұрын "Сөздің шыны керек" жобасында жерасты өткелінде мүгедек ұлымен бірге қайыр тілеп жүргенін айтып, көмек сұраған. Ақыл есі кем ұлын үйіндегі кішкентай қызымен қалдыра алмай, баласымен бірге қол жая көшеге шыққан әйелді "Харекет" қайырымдылық қоры қуантты. Әдетте, тиын түсетін бос ыдысына алдымен қомақты ақша тастап, артынша гүл сыйлай келген харекеттіктер төрт бөлмелі үйдің кілтін ұстатты.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Өзіме де мүгедектік ала алмаймын, балама да ала алмаймын. Балам жерасты өткелінде қайыр тілейді. Шынымды айтсам, ұяламын", - деді Алматы қаласының тұрғыны Балжан Аршабекова.

Балжан қызының көшеге шықпаңдаршы деп жалынатынын айтқан, бірақ оның басқа амалы жоқ. Қиын жағдайда қалған отбасының жайымен танысуға әнші Төреғали Төреәлі мен "Харекет" қайырымдылық қоры өкілдері барыпты. 

Олар анасымен бірге қол жайып қайыр сұраған денсаулығы дінкәс азаматты және оның қарындасына баспана алып беруге бекініпті. Әнші алдымен ары-бері өткен жұрт тиын-тебен тастайтын ыдысқа қомақты қаражат тастап, Балжанға гүл сыйлады. Тек содан кейін ғана 4 бөлмелі баспананың кілтін сыйлады. 

"200-ші баспананың кілтін табыстау маған бұйырған болатын. Сол кезде ойлаған едім, 300-ші қашан болады екен, оған дейін біраз уақыт бар шығар деп. Сөйтсем, көзді ашып, жұмғанша болды. "Харекет" қайырымдылық қорына Алла разы болсын", - деді Төреғали Төреәлі.

"Харекет" қоры Балжанға бұйырған 300-ші баспананы Алматы іргесіндегі ауылдан сатып алған. Балжан Аршабекова балаларымен және "Харекет" қоры өкілдерімен өз баспанасында алғаш рет дастарханнан дәм татты. 

"Барша қазақ еліне шын жүректен алғыс айтамыз. Бұл бүкіл қазақ елінің жүрегіндегі мейірімділігімен үлкен істер атқарылып отыр. Оған дәлел - бұл "Харекет" қайырымдылық қорының 300-ші баспанасы", - деді "Харекет" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Мадияр Серікбаев.

Талқылау