Алматыда метро салу кезінде 5 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырғандарға сот үкімі шықты
Алматыда "Сарыарқа" және "Достық" станцияларын салу барысында 5 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырған 10 адам сотталды. Олар жабдықтардың құнын он есе көп көрсетіп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Almatymetro
10 адамға үкімді Алматы қаласының Алмалы аудандық соты шығарды. Қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді көлік прокуратурасы жүргізген.
“Сот талқылауы барысында айыптау жағы сотталушылардың "Метрополитен" КМК, "Алматыметроқұрылыс" АҚ, "Автоматтандыру және технологиялар қызметі" ЖШС басшылары бола отырып, адамдар тобымен, 2018 жылдың маусымынан 2020 жылдың тамызына дейінгі кезеңде "Сарыарқа" және "Достық" станцияларын салу барысында қаржы алаяқтығымен, оның ішінде жабдықтың құнын арттырып (іс жүзінде 10 есе), тұрақты түрде ірі көлемде ақшаларды жалған фирмалар арқылы шығарғанын дәлелдеді.
Сотталғандар мемлекеттік және қаржы ұйымдарында жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды (негізгі фигуранттар 7 жылдан 8 жылға дейін). Сонымен қатар сот 1 миллиард теңгеден астам сомаға тыйым салынған мүлікті тәркілеуді қолданып, мемлекетке келтірілген шығынды өндірді”, – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.