Алматыда мас жүргізуші бақылау-өткізу пунктін қағып кетті, полиция қызметкері көз жұмды
Алматыда мас жүргізуші бақылау бекетін қағып кетті, полиция қызметкері көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, 25 мамырда, сағат 05:26-да, BMW көлігінің жүргізушісі, 1992 жылы туған А есімді азамат, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ықшамауданындағы Кожабекова көшесімен солтүстік бағытта, Жаңа Ғасыр көшесінің қиылысында орналасқан № 4 өткізу пунктімен соқтығысып, алдымен бетон қоршауға кірді, содан кейін патрульдік көлікке соғылды, оның салонында екі полиция қызметкері болған.
"Өкінішке орай, патрульдердің бірі - 42 жасар полиция аға лейтенанты Жалғас Жанғазиев жедел жәрдем келгенге дейін ауыр жарақаттардан көз жұмды. Оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауыр жағдайда қаладағы жақын ауруханаға жеткізілді" - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Мас BMW көлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. "Алматы полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған Жалғас Жанғазиевтің отбасына қайғырып көңіл айтады және орны толмас қайғыға ортақтасады", - делінген хабарламада.