Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау дерегіне қатысты полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды
Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде күдіктілерді азаптау бойынша полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратура 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылындағы арнайы қабылдау орнында азаматтар азапталғанын анықтап, сол бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
28 мамырда Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков ұсталды.
Kozachkov Telegram-арнасының мәліметінше, Әбілбеков қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновты азаптады деп күдікке ілінген. Полицейлер шетелдіктерді ұстап, ұрып-соғып, Қарасай аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген көрінеді. Кейін Әбілбеков музыкантты бопсалап, қорқытып, Қаңтар кезіндегі тәртіпсіздіктерге қатысқанын мойындатып видеоға түсірген дейді.
Бас прокуратура басқа деректерді жария етуден бас тартты.
Еске салсақ, Берік Әбілбеков Алматы ПД бастығының орынбасары болған кезде жастықпен суретке түскені үшін сынға қалған еді.