Алматыда ер адам алдымен көлігін, кейін өзін өртеп жіберді (видео)
Полицейлер 33 жастағы ер адамның өмірін құтқарып қалды. Оқиға 1 қазанда Алматыда Түрксіб ауданындағы айып тұрағында болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан скриншот жасалған
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 13:10-да арнайы патрульдік полиция батальонының экипажы Subaru маркалы көлікті тоқтатқан.
Көлік иесінің төленбеген айыппұлдарының жалпы сомасы – 1 миллион 300 мың теңге. Сонымен қатар жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі болмаған.
Мұндай жағдайда көлік арнайы айып тұрағына қойылуы керек екені атап өтілді.
"Көрсетілген рәсімдерді тіркеу кезінде жүргізуші көлігінен бензин алып шығып, көлікті де, өзін де бензин құйып, өртеп жіберді. Полиция қызметкерлері ер адамды құтқару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Олар өрт сөндіргішпен және қолда бар құралдармен өртті сөндірді. Жүргізуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді", – деді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Серік Шумаев.
Көлікті сөндіруге полицейлер мен оқиға куәгерлері қатысқан.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорғанда Көктал шағын ауданында қылмыскердің дүкенді өртеп жатқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалғанын жаздық. Полицияның мәліметінше, азық-түлік дүкені көпбалалы анаға тиесілі болған. Дүкен түгі қалмай жанып кетті. Залал сомасы шемемен 30 миллион теңге. Жәбірленуші күдіктінің қылмысқа әлдекімнің айтуымен барғанына сенімді.