Алматы әкімдігі дизель отынының сатылымына не себепті шектеу енгізілгенін түсіндірді
Қала әкімдігі жекелеген жанармай бекеттерінде дизель отынын сату бойынша шектеу енгізді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дерекке сүйенсек, бүгінде Алматы қаласында 213 жанармай құю станциясы бар. Оның ішінде тек 6 ірі желіге 176-сы қарайды. Десе де, әкімдік соңғы уақытта дизель отынына деген сұраныс артқанын хабарлап отыр. Яғни, бір мезгілде тұтыну 30-35 пайызға өскен. Салдарынан станциялардағы резервуарлардың уақытылы толмауы орын алып отыр.
“Ірі желілік жанармай құю станцияларында және қаланың мұнай базаларында шамамен 8,8 мың тонна дизель отыны бар. 4-5 күн ішінде шамамен 4,7 мың тонна жеткізіледі деп күтілуде. Қала тұрғындарын, автобус парктері мен коммуналдық қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында жекелеген жанармай құю бекеттеріне дизель отынының шектеулі шығарылымы енгізілді”, – делінген әкімдік ақпаратында.
Сонымен қатар, әкімдік Алматыға жағармайдың еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытынан келетініне де тоқталды. Қазіргі уақытта тапшылыққа жол бермес үшін жолда дизель отынына мониторинг жүргізуді қолға алған.