Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Әзірбайжан мен Армения сыртқы істер министрлерінің келіссөздері өтеді

Әзірбайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері бейбіт келісім бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін Алматыда кездеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: sova-news.com

Әзірбайжан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 28 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ильхам Әлиевке телефон соққан.

"Блинкен Армения мен Әзірбайжан арасындағы шекараны делимитациялау саласында келісімге қол жеткізуімен құттықтап, мұны АҚШ мақұлдағанын жеткізді. Мемлекеттік хатшы АҚШ Армения мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге және бейбіт күн тәртібін ілгерілетуге қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді", – делінген хабарламада.

Әлиевтің айтуынша, екі елдің шекараны келіссөз арқылы шегендеуге қатысты комиссиялары – қол жеткізген келісім диалог пен өзара түсіністік жағдайында екіжақты негізде жүргізілген талқылаулардың нәтижесі.

"Әзірбайжан президенті делимитациядан кейін екі елдің шекарасында демаркациялау жұмыстарының басталуы да оң қадам екенін атап өтті", – делінген хабарламада.

Әлиев Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша Әзірбайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері жақын арада Алматыда бейбіт келісім бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін кездесетінін айтты.

"Бейбітшілік келісімі мен оның негізін құрайтын бес қағидаттың бастамашысы Әзірбайжан екенін еске салған Әлиев біздің еліміздің бейбітшілік күн тәртібінің болашақта жалғасуы үшін бар күш-жігерін салатынын атап өтті және Әзірбайжанның бұл үшін күшті саяси ерік-жігері бар екенін атап өтті. Әлиев Әзірбайжанның аймақта бөлінбейтін интеграцияланған Оңтүстік Кавказ үшін аймақтық ынтымақтастық үлгісін құруды қолдайтынын мәлімдеді", - делінген хабарламада.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Алматыда Әзірбайжан мен Армения өкілдерінің кездесуі өтетінін растады. 

"Біздің президентіміз Баку мен Ереванға сапары барысында екі ел арасында берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ президент Қазақстанда келіссөздерге арналған алаң дайын екенін айтыа, екі елге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Қазір Әзірбайжан және Армениядағы әріптестерімізбен байланысып жатырмыз. Біз тек тараптар арасында келіссөздер жүргіземіз", - деді Сыртқы істер министрлгі өкілі Айбек Смадияров.

Ол кездесуге бюджеттен ақша бөлінетінін түсіндірді. 

"Бұл ауқымды шара емес. Бюджеттен аз қаражат бөлінеді. Бірақ тараптар бітімге келіп, осында қол қойылса, оның әсері тек Қазақстанға емес, бүкіл аймаққа оң әсер етеді", – деді Смадияров.

Өткен жылы қыркүйек айында Әзірбайжан әскери операция жүргізіп, нәтижесінде Таулы Қарабақ аумағын толық бақылауға алды. Мойындалмаған Таулы Қарабақ басшысы Самвел Шахраманян 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның болуын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. 100 мыңнан астам этникалық армяндар аймақты тастап кеткен.

5 қазанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақты Әзірбайжанның бір бөлігі деп мойындайтын декларацияға қол қойды.

Айта кетейік, бұған дейін Арменияда Әзірбайжанмен шекараны келіссөз арқылы шегендеуге қарсылық білдірушілер Иранға апаратын тас жолды жауып тастағаны туралы жазған едік. 

Талқылау