Алматыда автобус пен жүк көлігі соқтығысты (видео)
Алматының Алатау ауданында автобус пен жүк көлік соқтығысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, жол апаты Шаңырақ-2 шағынауданында болған.
Аталған жайтқа қатысты Stan.kz тілшісі мәнжайды сұрап білді. Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 17:00 шамасында орын алған.
“Жүк көлігінің жүргізушісі Үшқоңыр көшесінің бойымен батыс бағытта артқа қарай жүріп бара жатқан. Осылайша Жанқожа батыр көшесімен солтүстікке қарай келе жатқан 45-ші бағыттағы қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ”, – делінген хабарламада.
Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтауға кіріскенін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды полиция департаменті автобус көктайғақ салдарынан жаяу жүргіншіні қағып өлтіргенін мәлімдеген еді.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?