Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 35 метрден биік ғимарат құрылысына тыйым салынады

Алматыда Абай даңғылынан жоғары қарай биіктігі 35 метрден асатын ғимараттардың құрылысына тыйым салынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

 

Ал тау етегіне жақындаған сайын бұл шектеу 15 метрге дейін қысқарады. Сонымен қатар қаланың бұл ауданында салынатын баспаналар үшінші санаттағы жайлылық деңгейінен төмен болмауы керек. Бұл алдымен Алматының сейсмика жағдайын ескере отырып енігізілген өзгеріс.

Алайда қаланың көркі мен қауіпсіздігінен бұрын пайданы ойлаған құрылыс компаниялары бұл талаптарды құп көрмей отыр.

Қаладан таудың тамаша көрінісін тамашалауға кедергі келтіретін ғимараттар саны қысқарады. Яғни шаһардың жоғарғы бөлігіндегі аумағынан бой көтеретін көпқабатты үйлер тым биік болмайды. Осылайша шенеуніктер сәулет келбеті сан алуан шаһардағы жағдай жақын күндері өзгереді дейді. Өйткені қалада  зәулім үйлер мен ертеректе салынған ескі пәтерлер қаз-қатар тізіліп, тау бөктеріндегі аумақтарда жекеменшік баспаналардың жанына көпқабатты тұрғын үйлер жарыса орналасып келген. 

Бұл нысанның жобасы шектеу енгізілгенге дейін бекітіліп, құрылыс басталып кеткен. Яғни бұларға еш тосқауыл жоқ. Әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағы, тау бөктеріндегі аудандарда үш қабатты үй тұрғызуға 2016 жылы рұқсат берілген. Ал қабылданатын жаңа қаулыда енді оған тыйым салынады. Тек жеке үйлер мен коттедждердің бой көтеруіне ғана шектеу болмайды. Шенеуніктердің айтуынша, өзгерістер жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін қолға алынған. Бұған қоса тау бөктеріндегі аймақтарда сел жүру қаупі жоғары дейді.

Алмасхан Ахметжанов, Алматы қаласын жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы: -

“Ең біріншіден, үкімет саясаты бар. Тыңдайтын - мемлекет. Тұрғындардың сұрауы. Екіншіден, экология жағдайы бар. Үшіншіден, инфрақұрылым жағдайымыз сәл төмен болып жатыр. Тұрғын үйлер тез өсіп жатыр. Әлеуметтік ғимараттар үлгере алмай жатыр. Сол үшін сәулет қала құрылысы саясатын шығарып жатырмыз.

Шектеу шаһардың ең ірі Абай және әл-Фараби даңғылының аралығындағы тұрғын үй кешендеріне қатысты. Жаңа жоспар бойынша мұндағы тұрғын үйлер алдағы уақытта 9тоғыз қабаттан аспауы тиіс. Яғни биіктігі шатырдың төбесіне дейін 35 метр болуы керек. Алайда бұл жаңа ереже қабылданғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Ал салынып жатқан 13 қабатты пәтердің құрылысы жалғаса береді. Мұны қаладағы сейсмология институтының мамандары да растап отыр. Айтуларынша, жер сілкіну, көшкін жүру сынды табиғат апаты болу ықтималдығы жоғары ауданға жатады.  

“Тексеру кезінде Шығыс айналмалы жолы мен әл-Фарабидің жоғарғы жағы 10 баллдық аймақта тұрғаны анықталды. Яғни қаланың тауға жақын жолағы қауіпті болып саналады. Бұл геологиялық қатер, табиғи апаттардың туындауы жоғары екенін көрсетеді. Сол себепті көпқабатты үйлерді шаһардың төменгі бөлігіне салған дұрыс. Ол жақта балл көрсеткіші де аз”, – дейді  Сейсмология институтының лаборатория меңгерушісі Әділхан Бауыржан.

Ал жаңа регламентке құрылысшылар қауымдастығындағылар үзілді-кесілді қарсы. Өйткені қалада құрылысы жүріп жатқан 40-қа жуық тұрғын үй кешеніне биіктігіне қатысты шектеу қойылған. Қауіпсіздік пен қаланың көркінен бұрын, қалтаның қамын ойлаған құрылыс компаниялары бұл шектеулерді құп көрмей отыр.

“Қазір мердігер компаниялар аталған өзгерістер бойынша жұмыс істейтін болса, ең алдымен көптеген жұмысшыларынан айырылады. Екіншіден, жоспарлары бұзылып шығынға батады. Бұдан бөлек, мегаполис биік ғимараттар мен зәулім үйлер салуға арналған қала. Шаһардың әсіресе Абай мен әлФараби даңғылы аралығындағы биіктікті шектеу қате пікір. Өйткені шағын тұрғын үй салу құрылыс компанияларына тиімсіз”, – дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков.

Әкімдіктегілердің айтуынша, шешім ең алдымен тұрғындардың талабына байланысты әзірленген. Норматив құқықтық акт күшіне енуі үшін Алматы қаласы мәслихатында қаралады. Сөйтіп әділет органдарының тіркеуінен өтукізілуі қажет.
 

Талқылау