Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құжат тапсырғанда жиі кездесетін қателіктер. Биылғы "Алматы жастары" бағдарламасының байқауынан сүрінбей өткен Stan.kz журналистері өз лайфхактарымен бөлісті

Биыл оңтүстік астанада төртінші жыл қатарынан “Алматы жастары”  жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында алматылық жас мамандар 5% мөлшерлемемен пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Өтініші мақұлданғандардың арасында Stan.kz  редакциясының төрт бірдей тілшісі де бар. Бүгінгі материалда олар өз тәжірибесімен бөлісіп, болашақ үміткерлерге бірқатар кеңестерін бермек. 

Дидар Халық, 26 жаста, толық жұмыс өтілі 2,5 жыл

Дидар бағдарламаға осымен үш жыл қатарынан қатысып жатқанын сөз етті. Алғашқы екі жылда резервке ілінген оған баспаналы болу бақыты биыл бұйырған. 

“Өтініш беру үрдісі өткен жылдармен салыстырғанда еш өзгермеген: арнайы құрылған almaty-zhastary.kz жергілікті әкімдік сайтында, барлығы онлайн түрде жүзеге асырылады. Біз сияқты жұмысбасты мамандар үшін бұл өте ыңғайлы болды, себебі көп жағдайда қағаз құжат жинап, оны банкке барып өткізуге уақыт табыла бермейді. Бұл бағдарламаға өткізетін құжаттар тізімі де көп емес, олардың барлығына “Электронды үкімет” арқылы қол жеткізе аласыз”, – дейді ол.

Осы орайда журналист құжатты сайтқа жүктегенде ескеру қажет дүниелерді атап өтті. 

“Анықтамалар мен құжаттардың электронды нұсқасын жүктегенде мұқият болған жөн. Мәселен, сайтта Қазақстан бойынша атыңызда жылжымайтын мүлік жоқ екенін растайтын анықтама жүктеу керектігі көрсетілген. Egov.kz порталында бұл анықтаманы Алматы қаласы бойынша емес, бүкіл республика бойынша алу керек. Әйтпесе сіздің жолдамаңыз қабылданбауы мүмкін”, – дейді жас журналист. 

Сондай-ақ әріптесіміз Дидардың сөзінше, егер табысыңыз ипотека рәсімдеуге жетпесе, алдын ала кепілгер тауып қойған жөн.

“Жолдамаға қол жеткізген соң төлем қабілеттілігіңізді растау үшін 15 күн беріледі. Осы тұста келесі жылы бағдарламамен үй алуды жоспарлап жүргендерге айтар кеңесім бар: жолдама бірден шықпауы мүмкін, сондықтан уақыт жоғалтпай, “Отбасы” банк бөлімшесіне барып, алдын ала төлем қабілеттілігіңізді тексертіп алған дұрыс. Егер табысыңыз жетпеген жағдайда, уақытынан бұрын кепілгер іздей бастайсыз. Негізі о баста туыстарыңызбен осы жайлы ақылдасып алыңыз, кімнің жалақысы жеткілікті, кім кепілгер бола алады дегендей. Банк шарты бойынша кепілгер ретінде екі адамды ұсынуға болады. 

Мен қазір үй іздеу кезеңіндемін. Болашақта өзім тұратындықтан, таңдауым екінші нарықтағы пәтерлерге түсуде. Осы орайда банктің бұрын қолданыста болған жылжымайтын мүлікке қоятын талаптарын ескеріңіз. Мәселен, кірпіштен салынған нысандардың салынған мерзімі – 60 жыл, панель үйлер 50 жылдан аспауы керек”, – деп кеңес берді ол. 

Айнұр Мұхади, 23 жаста, толық жұмыс өтілі 3 жыл

Ал Айнұр жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына биыл алғаш рет қатысып, бірден жолдамаға ие болған. 

“Осы жылы БАҚ саласы бойынша 35 адам банкке жолдама иеленген. Менің еңбек өтілім 3 жылдан асады, сондықтан болар, бағым жанып, бірінші рет өтініш тапсырып, өтіп кеттім. 

Өтініш беру айтарлықтай көп уақытты талап етпейді, барлық жұмысты бір сағатта бітіруге болады. Ал жолдама алған соң банкке тек жеке куәлігіңізді алып барасыз”, – деп бастады сөзін Айнұр. 

Журналист өз қатарластары үшін құлақ қағыс кеңестерін де айтты. Оның сөзінше, сайтқа құжат жүктегенде де, жолдама алған соң да ескеретін бірқатар жайттар бар. 

“Бағдарламаға өтініш қабылдау басталмай тұрып, ЭЦҚ кілтін реттеп алған жөн. Мысалы, мен құжат өткізер кезде ЭЦҚ-ны жаңартуға тура келді, себебі мерзімі өтіп кеткен болып шықты. Сәйкесінше, жаңа кілтпен бірден сайтқа кіре алмай, түстен кейін бірақ өтініш жолдай алдым. Сондықтан бір-екі күн бұрын осының барлығын дұрыстап қойыңыз. 

Жалақым төлем қабілеттігін растауға жеткіліксіз болғандықтан, несие бойынша кепілгер іздеуге тура келді. Бұған бір аптадан астам уақытым кетті. Себебі кепілгерге қойылатын талап, заем алушыға қойылатын талаппен бірдей. Яғни оның табысының көлемі, отбасы жағдайы, барлығы ескеріледі”, – дейді әріптесіміз.

Жас маман алғашқы жарнаны алдын ала жинап, бағдарлама басталмас бұрын несие алмауға кеңес береді. 

“Ең бастысы, құжат жүктегенде мұқият болыңыз. Өйткені мұнда жіберген қателігіңіз   сіздің бағдарламадан өту мүмкіндігіңізді жояды. Сонымен қатар несиеңіз болса, толық көлемде жауып тастағаныңыз абзал.

Үй қарауды енді жоспарлап отырмын. Таңдауым құрылысы аяқталған бірінші немесе екінші нарықтағы бір бөлмелі үйге түсіп отыр. Өзіме ұнамды бірнеше пәтер бар, жақында оларды көруге барамын”, – дейді Айнұр Мұхади. 

Назерке Мұса, 25 жаста, толық еңбек өтілі 2,5 жыл

Назерке де өткен жылғы “Алматы жастары” бағдарламасы бойынша резервте тұрған. Ал биыл жолы болып, банкке жолдама алғандардың қатарына қосылды. Небәрі екі аптаның ішінде журналистің берген өтініші мақұлданып, сол аралықта ипотекаға алар үй де табылған. Енді ол тек құжат мәселесін реттестіріп жатқанын жеткізді.  

“Меніңше, баспаналы болғысы келгендер ең бірінші кезекте алдына нақты мақсат қоюы керек. Содан кейін өзіне ыңғайлы тұрғын үй бағдарламалары жайлы қарап, тиімдісін таңдаған жөн. Мәселен, қазір жастарды баспанамен қамтуға бағытталған жақсы бағдарламалар көп. “Алматы жастары” да солардың бірі. Егер нақты мақсат болмаса, кейін ипотекаға өтініш беру, рәсімдеу, алғашқы жарна жинау сынды дүниелер сізге қиын болып көрінуі мүмкін. Сондықтан мұның барлығына алдын ала дайындалып, қажетті соманы жинауды ертерек қолға алған жөн. 

Екінші мәселе, егер сіздің ресми жалақыңыздан бөлек, қосымша табыс көздері болса, соны растау қажет. Менің мысалымда айтар болсақ, докторантурада оқимын, яғни қосымша шәкіртақым бар. Осылайша мен университеттен стипендия алатыным туралы анықтаманы сұратып,  банкке өткіздім. Сол себепті төлем қабілеттілігім расталып, заем алу үшін қосымша кепілгер іздеудің қажеті болмады”, – дейді жас маман. 

Журналист құрылыс компаниясынан тікелей пәтер алуды ұйғарған. Сөзінше, ол үй іздегенде ауданы мен салынған жылына мән берген. 

“Жаңа пәтерде тұрғым келгендіктен мердігер ұйымнан тікелей құрылысы аяқталмаған үйді сатып алуды жөн көрдім. Мен алатын үй тек келесі жылы тұрғындардың пайдалануына беріледі екен. 

Бір ескеретін жайт, егер жылжымайтын мүлікті тікелей құрылыс компаниясының өзінен сатып алсаңыз, үйді бағалаушыны шақыртудың қажеті жоқ. 

Бағдарламаның ең тиімді тұсы – егер қосымша қаражатыңыз болса, оны банкке 18 миллион теңгенің үстінен аударып, көбірек сомаға үй алуға болады. Бастысы, сіз алайын деп жатқан пәтер банк талаптарына сай келуі керек”, – дейді ол. 

Дана Русланқызы, 21 жаста, еңбек өтілі 2 жыл

Дана – биыл алғаш рет “Алматы жастары” бағдарламасына қатысып, баспана алуға жолдама алған жас мамандарды бірі. Журналист құжаттарын Түркияда жүріп пысықтап, өткізгенін айтады. 

“Құжат қабылдау басталған күні-ақ, барлығын жинап өткізіп қойдым. Бір ыңғайлысы, almaty-zhastary.kz сайтында өткізген құжаттарыңды қайта қарап, қажет болған жағдайда түзетулер енгізе аласыз. Қазір мен Түркияда білім алып, қашықтан жұмыс істеймін. Сол себепті бағдарламаға қатысу үшін өтінішті онлайн беру мен үшін ерекше ыңғайлы болды.

Түркияда жүргендіктен несие алуға өтінішті әкем сенімхат арқылы өткізді. Мұны да ескерсеңіз болады. Жақын арада шетелге шығып жатсаңыз, сенімді адамыңызға міндетті түрде сенімхат жазып кетуді ұмытпаңыз. Сенімхатты арнайы Отбасы банкінің бланкінде жасату керек”, – дейді ол. 

Қазір Дана пәтер іздеп жүргенін айтады. Бұл тұрғыда ол бірінші нарықтағы пәтерлерді де, бұрын қолданыста болған баспананы да қарастыруда екен.

“Жасырын емес, қазір нарықта үй бағасы аспандап тұр. Сондықтан ипотекалық қарыздың үстінен тағы қосымша қаражат қосып, жақсы пәтер алуды ойластырып отырмын. Банкте бұл мүмкіндік те қарастырылған. Бастысы алатын үйім жаңа болса екен деймін”, – дейді жас журналист.

Жеке шаршы метрлерін армандап жүргендерге Дана Отбасы банкінде қаражат жинаудың тиімді тұстарын айтып кетті. 

“Жалпы Отбасы банкінің көмегімен баспаналы болуды жоспарлап жүрсеңіз, осы бастан салым ашып, қаражат жинай берген дұрыс. Өйткені банкте жылдың соңына қарай жиналған қаражаттың 20% (сыйлықақы бір жыл ішінде жиналған, бірақ 200 АЕК-ден аспайтын қаражат бойынша есептеледі – ред.) мемлекеттік сыйлықақы ретінде аударылады. Қосымша 2% банк сыйақысы тағы бар. Бұл қаражаттың, әсіресе, жас мамандар үшін айтарлықтай көмегі зор”, – дейді жас тілші.

Айта кетсек, “Алматы жастары” бағдарламасы бойынша несиені 25 жылға дейін алуға болады. Алғашқы жарна кемінде 10% тең болуы тиіс, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%). Несиенің ең жоғары сомасы 18 миллион теңге (егер мүлік 18 миллион теңгеден асса, өтініш беруші айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады).

Талқылау