Алматылық әйел әкімге "Айнабұлақ" шағын ауданының тұрғындары тап болған қиындық туралы айтты
Айнабұлақ-2 шағын ауданының тұрғыны әкіммен кездесуде зауыттан шығатын жағымсыз иіске шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
“Сізді біздің үйге бір түнге қонаққа шақырамын, сонда қандай жағдайда өмір сүріп жатқанымызды көресіз. Бізде экология өте нашар. Таңертең және кешке зауыттан қатты иіс шығады, терезені ашу мүмкін емес. Зауытты қаладан тыс жерге көшіруге немесе газды сүзгіден өткізетін құрылғы орнатуға мүмкіндік бар ма? Бүкіл Айнабұлақ-2 осы иісті жұтып отыр”, — деді тұрғын.
Ерболат Досаев әкімдік бұл зауыттың санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуін бақылап отырғанын айтты.
“Қыста зауыт аса белсенді жұмыс істемейді, бірақ жазда жол құрылысы басталғанда іске қосылады. Қазір бұл қаладағы жалғыз асфальтбетон зауыты. Біз иесімен оны көшіру туралы келіссөздер бастадық. Бұл оңай шешілетін мәселе емес. Зауыт иесінің өз шығындары бар, ал біз оған жер мен инфрақұрылым ұсынуымыз керек. Дегенмен, жыл соңына дейін нақты шешім қабылданады деп үміттенеміз”, — деді Досаев.
Әкім зауыт толық көшірілгенге дейін қосымша сүзгілер орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
“Өкінішке қарай, зауытты бірден жабу қиын, себебі асфальтбетонды қалаға сырттан әкелу мүмкін емес. Сондықтан бұл жалғыз зауыт жұмысын жалғастырып келеді”, — деп түсіндірді Досаев.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендердің бірінің тұрғыны жақын маңдағы қағаз-картон зауытының орналасуына қарсы наразылығын білдірген еді.