Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы прокуратурасы жер сілкінгенде сейсмикалық ескерту берілмегені үшін қылмыстық іс қозғады

Алматы прокуратурасы қаңтарда сейсмикалық ескерту жүйесі қосылмағаны бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу абайсыздық бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Айта кетері, ескерту жүйесіне миллиард теңгеден астам ақша бөлінген.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

23 қаңтар мен 4 наурызда Алматыда жер сілкінді. Қатты шошынған халық ескерту жүйесінің жұмыс істемегеніне наразылық білдірді. Президент те жер сілкінісіне дайындық болмағанын сынап, тексеру жүргізуді тапсырды. 

“Алматы қалалық прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2-бөлігі "Абайсыздық" бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласының арнайы прокурорлар басқармасы жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің барысы туралы өзге де мәліметтер жария етілмейді”, – деді Алматы қалалық прокуратурасының аға прокуроры Райымбек Шәрібаев.

"Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері де өз бетінше тексеру жүргізіп жатыр. Ескерту жүйесі бюджетке бір миллиард теңгеден астам шығын әкелген. Қоғам белсенділері бұл сома дұрыс жұмсалмағанын айтты.

“Мердігердің сөзінше, бір швейцариялық сейсмикалық датчик құны 11 миллион теңгеден сәл асады. Оған қоса шағын серверлік қорап, коммуникациялық құрал-жабдықтар шамамен 2-3 миллион болады. Құрылысқа 7-9 миллион кетті делік. Болжамымыз бойынша оның құны 20 миллионнан аспайды. Дегенмен құжат бойынша 40 миллион делінген”, – деп мәлімдеді "Әділдік жолы" РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.

Қоғам белсенділері ішкі мемлекеттік аудит департаментінен ақшаның не үшін жұмсалғаны туралы есеп беруді сұрап отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Алматыда сейсмологиялық зерттеу жүргізілетінін айтқан еді.

Талқылау