Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысының таулы аймағында қар көшкіні жүріп, жолды жауып қалды

Алматы облысының таулы аймақтарында өздігінен қар көшкіні жүріп, жолды жауып тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Түрген ауылы – Батан трассасы тас жолының 23,4 шақырымында "Қазселденқорғау" мамандары жүргізген барлау барысында қар көшкіні анықталды.

"Қар көшкінінің көлемі 187,5 текше метрді құрады. Қар көшкініне температуралық фонның жоғарылауы және тау беткейлерінде қар жамылғысының айтарлықтай көбеюі себеп болды. Зардап шеккендер жоқ. Қар көшкіні Түрген ауылынан Батан трактіне баратын тас жолды жауып тастады", - делінген хабарламада.



Төтенше жағдайлар министрлігі жолды тазарту жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқанын атап өтті.

"Алматы облысының таулы аймақтарында қар көшкіні жүру қаупі бар! Алдағы күндері тауда жаяу жүруден бас тартуға кеңес береміз!", - делінген Төтенше жағдайлар министрлігі хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін 22 наурызда Алматы облысындағы тас жолға қар көшкіні құлағаны туралы жазған едік. 

Талқылау