Алматы облысындағы LRT құрылысының жобасы қай кезеңде екені белгілі болды
Алматы облысындағы LRT құрылысы жобасының қай кезеңде екені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облысының әкімдігі LRT құрылысы бойынша түрік инвесторымен меморандумға қол қойылғанын хабарлады. Компания Қаскелең-Есік-Талғар-Алматы-Ұзынағаш бағыты бойынша жеңіл рельсті көлік жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр. Талғар мен Қаскелеңде автотұрақ болады, онда LRT арқылы Алматыға дейін жеткісі келетіндер көлігін қалдыра алады. Бұл Алматыдағы көлік кептелісін азайтуы керек, өйткені қалаға күніне 300 мың адам кіреді.
Сондай-ақ түрік компаниясы шілде айында техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кірісетіні айтылды. LRT ұзындығы – 80 шақырым, ал Алматы мен Қонаевты қосқанда 150 шақырым болады.
Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қаржыландыру моделі анықталып, келісім жасағаннан кейін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленетінін хабарлады.
"Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін техникалық-экономикалық негіздеме, одан кейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алу қажет. Бастапқы кезеңде компания жеңіл рельсті көлік жүйесін дамыту нұсқасын ұсынды. Құрылысқа тапсырыс беруші мен мердігер жауапты", – деп мәлімдеді департамент.
Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматы-1 және Алматы-2 арасындағы LRT және жер үсті метрополитенінің бірінші желісі іске қашан қосылатынын айтып берген еді.