Алматы облысында жасөспірімдер жеткіншекті көптің көзінше ұрып, оны видеоға түсірген (видео)
Талғар ауданында үш жасөспірім өзінен жасы кіші баланы қыздардың көзінше ұрып-соғып, онысын видеоға түсіріп алған. Заңгер Алена Нефф өзінің Instagram-дағы парақшасында жасөспірімдердің балаға әлімжеттік көрсеткен видеоны жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Адвокат Алена Нефф жасөспірімдер арасындағы буллингтің маусым айында болғанын айтады.
“20 маусымда жәбірленуші баланы отбасы маған арызын айтып келді. Бұл жағдайды құқық қорғау органдарының және жасөспірім бала тәрбиелеп отырған барлық ата -ана білу керек. Жәбірленуші баланы өзінен үлкен балалар қыздардың көзінше ұрып-соғып, бұл әрекетін видеоға түсірген”, – деп жазды заңгер.
Талғар ауданында жеткіншек өзінен үлкен жасөспірімдермен ортақ қызығушылығы барын біліп араласа бастаған. Алайда араға уақыт салып олардың олардың құрдастарымен, өзінен кіші балалармен қалай сөйлесетінін көріп, араласқысы келмейтінін түсінген. Бала олардан барынша аулақ жүруге, көріспеуге тырысқан. Алайда оның бұл әрекеті жасөспірімдерге жақпай қалған. Бірде олар баланы көшеден ұстап алып, көптің көзінше сабап, онысын видеоға түсірген.
Заңгер жасөспірімдер арасындағы буллингті жылы жауып қоюы, құқық қорғау қызметкерлері істі баяулатып, онымен айналысқысы келмеуін – институционалдық сатқындық дейді. Заң өкілі мұндай жағдайдың алғашқысы да, соңғысы да емес екенін алға тартып, мемлекеттік деңгейде бақылауға алынуын талап етеді.
“Кінәлілерді жазалап, әділет орнату– тиісті органдардың міндеті. Жоғарыға шағымданамыз, бұл мәселенің тоқтап қалуына жол бермейміз”, – деп жазды Алена Нефф.
Болған жағдайға қатысты облыстық полиция департаменті пікір білдіріп, қылмыстық істің қозғалғанын айтты.
“Полиция денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеудің толық әрі жан-жақты өтуі үшін және объективтілікті қамтамасыз ету үшін барлық тиісті тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу жалғасып жаты”, – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаменті.