Алматы облысында екі жасар баласын өлтірген келіншек психикалық ауруханаға жатқызылды
Алматы облысында екі жасар баласын өлтірді деп күдіктелген ана мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Сот екі жасар баланың өліміне қатысты істі жүргізуді 12 мамыр күні аяқтаған. Күдікті С. ұлын өлтірді деген айыппен сотқа тартылды. Соттың анықтауы бойынша, сарапшы сотталушының психикалық ауытқушылығы бар деген қорытынды жасады.
"Сарапшының қорытындысына сәйкес, С. "параноидтық шизофрения" түріндегі созылмалы психикалық ауруға шалдыққан. Ол қылмыс жасаған кезде психикалық ауытқу жағдайында болған. Параноидтық шизофрениямен ауыратын адамдар өз іс-әрекетінің нақты сипатын, әлеуметтік қауіптілігін сезіне алмады. Баласын өлтірген келіншек соттың алдына келе алмады. Ол қазір психикалық ауруханаға мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді", - деп хабарлады Алматы облысының ауданаралық соты.
Осы қорытынды негізінде сот іс жүргізуді тоқтатып, айыпталушыны мәжбүрлеп емдеуге мамандандырылған психиатриялық ауруханаға жіберу туралы қаулы шығарды.
Еске салсақ, 5 қазанда сағат 16:00 шамасында Қаратал аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Үштөбедегі жеке үйден екі жасар баланың мәйіті табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Полицияға баланың әпкесі жүгінген.
Полиция күдіктіні іздей бастады және бірнеше сағаттан кейін өз ұлын өлтіргенін мойындаған Үштөбе қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Әйелдің айтуынша, ол баланың әкесімен ажырасқан және ер адам басқа елде тұрады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.