Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында ауыл тұрғындары салынғанына 50 жыл болған мектептің жөндеуі аяқталмай жатқанына наразы

Алматы облысындағы Екпінді ауылының тұрғындары жөндеу жұмыстары аяқталмай жатқан мектеп басшылығына шағымын білдірді. Айтуларынша, мекеме басшылығы білім ордасындағы жөндеу жұмыстарын осы жылдың қаңтарына дейін, кейіннен наурыз айына дейін аяқтауға уәде берген. Алайда берген уәдесін орындамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: видеодан кадр

Екпінді ауылындағы 50 жылға жуықтаған №2 орта мектепте күрделі жөндеу былтыр жазда басталған. Жаңарту жұмыстарын елді мекендегі 1300 оқушы күтіп жүр. Әзірге олар 3-4 есе артық жүктемесі бар басқа оқу орнында оқуға мәжбүр.

"Балам 8-сыныпта оқиды. Сабағы кешкі төртте басталады. Бар болғаны төрт сабақ. Балалар үйге сағат жеті-сегізде қайтады. Бізде әлі күнге дейін саяжайда оқитын балалар бар. Шамалған станциясының артында. Біз сонда көшіп жатырмыз. Онда кептелісте сағаттап тұрып, үйге түнгі 10-да оралады", – деді ауыл тұрғыны Елена Евстегнеева.

Қыста аудан әкімі ауыл тұрғындарына мектеп биылғы оқу маусымының төртінші тоқсанында есігін айқара ашатынын айтып, уәде берген. Алайда желтоқсан айының соңынан бері құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. 

"Кейінгі төлем 2023 жылдың қыркүйек айында жасалды. Алты ай өтсе де, ешқандай қаржы алған жоқпыз. Бізде 2025 жылы аяқтау керек деген келісім бар", – деді бөлім меңгерушісі Дінислам Нұрдәулет. 

Мердігерлер күрделі жөндеуді 50% орындаған. Қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін олар 109 миллион теңгені өз қалталарынан шығарған. Ақша қалмады, жаңа қаржы әлі бөлінген жоқ.

Әкімдік мәслихаттың қысқы сессиясында қаржы тапшылығына байланысты күрделі жөндеуді аяқтауға ақша бөлінбегенін түсіндірді. Енді олар қайтадан бюджеттік өтінім береді.

"Келесі аптада мәслихат отырысы өтіп, ақша бөлінеді. Ал атқарылған жұмыстың ақысын төлейміз. Қаржыландыру жаңартылса, мектеп оқушылары алдағы оқу маусымынан бастап жаңа мектепте оқиды. Ақша бөлінбесе, балалар тағы да басқа оқу орындарында оқиды", – деді Іле аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлішер Сырым. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысындағы мектептердің бірінде ата-аналар балаларға қатырылған тамақ бергеніне наразылығын білдіргені туралы жазған едік. 

Талқылау