Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салынғанына 10 жыл да болмаған: Алматы облысында ата-аналар қабырғасы қирап, төбесі опырылғалы тұрған мектеп жабылсын деп талап етуде

Жамбыл ауданы, Еңбекшіарал ауылындағы 800 орындық мектеп құлаудың аз-ақ алдында тұр. Қабырғасы ажырап, іргестасы сөгіліп тұрған білім ордасы апатты жағдайда тұрғаны ата-аналарды алаңдатып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан кадр

Ауыл тұрғындары балалардың мектепке баруына қарсы. Олар апатты жағдайда тұрған нысанды жабуды талап етіп отыр.

“Немеремді мектепке жібермеймін. Мынандай жағдайда қалай жіберемін? Оны мектепке жіберіп, мен үйде қалай отырамын? Осындай жағдайда тұрған мектепті неге жаппайды? Неге жоғарыдағылар қарамайды”, – дейді ауыл тұрғыны Светлана Тұрымбетова.

Апатты жағдайда тұрған мектеп 3 ауысымды. Онсыз да орын тапшы кезде, бұл жағдай оқушыларды дәлізде оқуға мәжбүр етті. 

“7-сынып оқитын балам “Мама, біз оқитын жерде тас, құм түседі” деп айтып келеді. Ол туралы неше рет айттық. Баламның біліміне де, өміріне де алаңдаймын. Ең бастысы – өмірі. Қауіп айтып келмейді”, – дейді Гүлшаш Сейітбаттал.

Ауыл тұрғындарының арасында баласын басқа мектепке ауыстыруды ұйғарғандар да бар. Мектептің іші де қорқынышты жағдайда. Кірпіштері шашылып, қабырғасы, бөлінгелі тұр. 

“Аз уақыт қалды ғой. Шыдайтын шығармыз деп тұрмын. Бірақ өзімнің емес, балалардың қауіпсіздігі үшін қатты алаңдаймын”, – дейді мектеп директоры Жанна Ермекбаева. 

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мектептегі алғашқы жарық осыдан үш жыл бұрын пайда болған. Биылғы жер сілкінісі салдарынан жарық үлкейіп, мектептің сол қанаты ажырап кеткен. Алайда жауапты адамдар бұл мәселені шешуге енді кіріскен. 

“Ертең мамандарды алып келеді. Құрылыс басқармасы да келеді. Сөйтіп нақты шешім қабылданады. Мектепке апаттық жағдай статусы берілді”, – дейді Жамбыл аудандық білім бөлімінің бас маманы Лейла Бедерова. 

2015 жылы ашылған білім ордасының құрылысына сол кезде 680 миллион теңге жұмсалған. Енді бұл мектепті күрделі жөндеуден өткізеді немесе толық сүреді.

Талқылау