"Аллергиясы барын айттым": Алматы облысында 49 жастағы әйел ауруханаға өз аяғымен барып, көз жұмды
Алматы облысы, Қарасай ауданында ем қабылдау үшін ауруханаға кеткен 49 жастағы әйел белгісіз жағдайда көз жұмды. Марқұмның жақындары құқық қорғау органы қызметкерлерінен әділдік талап етіп отыр. Айтуларынша, келіншектің неден қайтыс болғаны белгісіз, ал полиция істі қарамағандықтан кінәлілер жазаланбаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Айгүл Оразалықызы 1 желтоқсанда тұмауратып, Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылындағы жекеменшік ем-дом кабинетінің біріне екпе алуға барған. Туыстарының айтуынша, марқұмға салынған дәріден әйелдің ағзасы анафилактикалық шок алған.
"Мына төсекте жатқан еді, менің осы Көксайда дәрі салатын жерім бар деді. Сол жерге барып, укол, системамды аламын деді. Жолдасым апарып тастады. 20 минуттан кейін хабар келді. Барсақ, кетіп қалған ғой. Медбикеден “қандай дәрі салдың” деп сұрадым. Ол цефобелл салдым деді. Мен ол дәріге аллергиясы барын айттым. Сіз қалай сұрамай салдыңыз десем, көзімді шел басып қалды, кешіріңіз мені дейді", – деді марқұмның келіні Айман Тәжібаева.
Марқұмның жақындары өлімнің себебі медбикенің салғырттығы дейді. Олар бүгінге дейін кінәлілер анықталмағанын, тіпті, жеті айдан бері әлі де сот-медициналық сараптамасының қорытындысын ала алмай жүргенін айтты.
"Ешқандай хабар жоқ. Хабарлассам, тергеушілер телефонға жауап бермейді. Алдына барамын, кіргізбей қойды. Бас прокуратураға, барлық жерге арыз жаздым. Ешқандай ештеңе қаралып жатқан жоқ", – деді марқұмның қызы Салтанат Қарабаева.
Мәселенің мән-жайын білмек болып, аталмыш ем-дом кабинеті басшысына хабарластық. Ондағылар өз тарапымыздан барынша көмек көрсеттік, адам өлімі бұрын-соңды болмады дегенді айтты. Ал облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, сараптама қорытындысына сәйкес, тергеу тоқтады дейді.
"Көксай ауылындағы дәріханалардың бірінде адамның қайтыс болу фактісі бойынша аудандық полицияда сараптама тағайындалуымен қылмыстық іс қозғалды. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, өлімнің себебі жедел респираторлық вирустық инфекцияның салдарынан жедел өкпе-жүрек жеткіліксіздігі болды. Прокуратураның келісімі бойынша қылмыстық іс қысқартылды", – деді Алматы облысы ПД бөлім басшысы Ернар Сайдильдин.
Сержан Айгүл Оразалықызының туыстары істі қайта қарауды сұрайды. Кінәлі жазаланып, әділдік орнағанын қалайды. Бүгінде марқұмның артында төрт баласы қалды. Кіші ұлы кәмелет жасқа толмаған. III топтағы мүгедектігі бар жолдасы мен екі баласы қазір үлкен қызының қолында.