Алматы метросында пойыздың не себепті тоқтап қалғаны белгілі болды
Алматы метросы станциялар арасында пойыздың не себепті тоқтап қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгін сағат 14.58-де Алмалы-Абай учаскесінде борттық техниканың өрт дабылы датчиктерінің көрсеткіштеріне байланысты машинист пойызды тоқтатты. Машинист дабылдың жалған екеніне көз жеткізіп, қосалқы пойыздың іске қосылуын сұрады. Жолаушылар қосалқы пойызбен Абай станциясына жеткізіліп, кейін дабыл шыққан пойыз электр депосына жөнелтілді", – деп хабарлады метрополитеннің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта құрал-жабдықтардың іске қосылғаны, пойыздың қалыпты жағдайда екені және бақылау-техникалық тексеру мен сынақтан өткеннен кейін желіге шығарылатыны атап өтілді.
Қозғалыс кестесінің бұзылуы 28 минутты құрады. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сағат 18.00-де пойыздардың жүру кестесі қалпына келтірілді.
Бұған дейін "Алмалы" және "Абай" станциялары арасында пойыздың тоқтап қалғаны туралы хабарланған болатын.