"Алматы – бақ қала": қазақстандық жұлдыздар жаппай алма ағаштарын отырғызуға атсалысты
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық науқаны аясында Алматыда "Алматы – бақ қала" акциясы аясында алма бақтары құрылып, ағаштар жаппай отырғызылып жатыр.
Сағат 10.00-ден бастап қала басшысы Ерболат Досаев қала тұрғындарымен бірге 8 205 жасыл желек, оның ішінде 4 515 жеміс, 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта отырғызуға қатысты.
Акцияны қазақстандық жұлдыздар қолдады.
"Мен бұл акцияны қуана қолдадым, өйткені бәріміз Алматыда тұрамыз, сүйікті қаламыз әдемі, гүлденген әрі таза болуы үшін әркім үлес қосуы керек", – деді әнші Мәдина Сәдуақасова.
Алма бағы "ALA" саябағында пайда болды. Қаланың әр жерінде аудан әкімдіктері алма аллеясын отырғызды.
"Бүгін Алматы қаласының әкімі екеуміз әріптес артистердің қолдауымен ағаш отырғыздық, әрқайсымыз қаламыздың көркеюіне үлес қосамыз. Барлығына алғыс айтамыг, Алматы - біздің ортақ үйіміз!", - деді әнші Дидар Каденов.
"Алматы – бақ қала" акциясы "Алматы – біздің ортақ үйіміз" науқанының аясында өткізілді. Ағаштарды жаппай отырғызу барысында шығармашылық байқаулар, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
"Бәріміз бірге қаланы одан әрі көркейтеміз. Қазір алма көшетін отырғызып жатсақ болашақта жемісін жейміз. Бұл керемет оқиға. Құрметті Алматы тұрғындары мен қонақтары, сіздерді осы іс - шараға қатысуға шақырамын, тазалық сақтайық, Алматы - біздің ортақ үйіміз", - деді әнші Мақсат Базарбаев.
Ағаштарды жаппай отырғызу кезінде екі жерден - ALA саябағы және Қарағайлы орманынан онлайн трансляция жүргізілді.