"Әлі күнге дейін әкелерін іздейді": Марқұм Арман Дүйсеновтің жары халыққа үндеу жолдады
Танымал композитор, марқұм Арман Дүйсеновтің дүниеден өткеніне де жыл толуға таяды. Осы орайда композитордың жақындары жеке парақшасын жалғастырып жүргізуді қолға алған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұм дүние салғалы жеке парақшасы да сол күйі қалған болатын.
“Ардақты ағайын!
Біздің әулетіміздің ғана емес, тұтас елдің сүйікті перзентіне айналған Арман Дүйсеновтей азаматтың дүниеден көшкеніне жылға толуға айналды. Осы бір жылдың біздің отбасымыз үшін қаншалықты мұңлы, қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізу қиын. Әкесін іздеген ұл-қызыңның жәудіреген жанарына шарасыз күйде қараудан ауыр не бар? Осы қайғыны жан жүрегімен сезініп, біздің қайғымызды бөліскен қалың жұртқа Алла разы болсын! Мұндай сынақты енді ешкімнің басына бермесін.
Арманның асыл бейнесі, аңқылдаған ақ жүрегі, әсем әндері талайдың жанын баурағаны сөзсіз, оны елдің іздейтіні де содан болса керек. Оның әлеуметтік желідегі парақшасын өшірмеуімізді, қайта оны тұрақты жүргізуімізді өтініп сұраушылардың да қарасы қалың. Арманның екінші өмірі жалғасқанын, оның елімен бірге жасағанын біз де қалаймыз. Сондықтан Арманның әлеуметтік парақшасын қайта жаңғыртуды жөн санадық. Мұнда Арманның әндері, композициялық шығармалары, жасаған бағдарламалары жарияланады. Бұл жұмыстарға сіздердің де көмектеріңіз тиеріне сенеміз. Осылайша Арманның асыл бейнесі бәрімізбен бірге жасайтын болады. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін”, – делінген жазбада.
Сазгердің тыңдармандары мен әріптестері марқұмды еске алып, тіршілігінде керемет жан болғанын жазып жатыр.
Еске салайық, Медеу Арынбаев марқұмның соңғы кезде күйзелісте жүргенін айтқанын жазған болатынбыз.