Эпилепсия ұстамасын азайтатын құрылғы алғаш рет бас сүйекке орнатылды
Әлемде алғаш рет пациентке жаңа нейростимулятор орнатылып, оны сынақтан өткізді. Бұл оқиға Британияда болды. Эпилепсияның ауыр түрімен ауыратын 13 жасар Оран Ноулсонның бас сүйегіне ұстаманы бақылауға арналған тікелей имплантацияланған құрылғы орнатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: The Guardian
Құрылғы жіберген сигналдар миға терең еніп, күндіз жасөспірімнің ауруының жиілігін шамамен бес есе азайтқан. Оранның анасы Джастин Ноулсон BBC-ге сұхбат беріп, баласының көңіл-күйі көтеріліп, өмір сапасы жақсарғанын айтыпты. Хирургиялық операцияның өзі Лондондағы Грейт Орманд Стрит балалар ауруханасында клиникалық сынақтар аясында жасалды.
Негізінде Оран Соммерсет округінде сау болып дүниеге келген. Алайда оған үш жасында эпилепсияның сирек кездесетін және өте нашар емделетін түрі деп диагноз қойылған. Содан бері балада күнделікті 20-дан 100-ге дейін эпилепсиялық ұстамасы болған. Салдарынан науқастың балалық шағы аурумен өткен. Кейде қатты ұстамадан есінен танып, құлаған. Тыныс алуы тоқтап қалған жағдайда оны арнайы қарастырылған дәрі-дәрмектермен реанимациялауға тура келіпті.
Оранға ресми түрде аутизм мен ЗЖГС ( СДВГ – Зейін жеткіліксіздігі және гиперактивтік синдромы) сияқты бірқатар диагноздар қойылған. Анасының айтуынша, ең негізгісі –эпилепсия ұстамалары.
"Үш жасқа дейін балам өте қабілетті болды. Бірақ эпилепсия басталғаннан кейін баламның жағдайы күрт нашарлады, біраз қабілетінен айырылды", — дейді анасы.
Оран ауыр эпилепсиядан зардап шегетін науқастардың миын терең ынталандырудың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалауға арналған Cadet зерттеулер сериясы жобасы аясында емделеді. Грейт Орманд Стрит ауруханасында клиникалық сынақтар Лондон Университеті колледжінің, Кинг колледжінің клиникаларының және Оксфорд университетінің ғалымдар тобымен бірге өтеді.
Құрылғының өзін әзірлеуші және өндіруші — Британиялық Amber Therapeutics компаниясы.